Қазақстанда кибералаяқтарға қарсы күрес күшейтілуде

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің құрылымында киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Бұл бөлімше интернет-алаяқтықты ашумен қатар, қылмыстың алдын алу, ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізу және осы саладағы заңнаманы жетілдіру функцияларын да орындайды. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте департамент басшысы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында интернет-алаяқтықтың 11 мыңнан астам дерегі тіркелді. Полиция 74 sim-box құрылғысын және 88 мыңнан астам тіркелмеген SIM-картаны тәркіледі. Бұл деректер бойынша 30 күдікті ұсталды, олардың 14-і — шетел азаматтары. Интернет кеңістігін тұрақты мониторингтеу барысында 59 мың құқыққа қарсы контенті бар интернет-ресурс анықталып, оларды бұғаттау үшін материалдар жіберілді. Жыл басынан бері интернет-алаяқтық бойынша 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
“Антифрод-орталығының” жұмысы аясында банктердің қолдауымен азаматтардың 2,6 млрд теңгеден астам қаражатын ұрлаудың жолы кесілді. Байланыс операторларымен бірлесіп, жалған нөмірлер арқылы жасалған 66,9 млн қоңырау бұғатталды. Киберқылмыстың алдын алу мақсатында республикалық деңгейде тоқсан сайын жедел-алдын алу іс-шаралары өткізіліп тұрады.
Кибералаяқтарды тиімді анықтау үшін халықаралық ынтымақтастық жолға қойылып, тікелей байланыс арналары мен жедел ақпарат алмасу тетіктері құрылған. Мысалы, осы жылдың қаңтар айында Арменияда өткен бірлескен операция барысында Еуропа мен ТМД елдерінің азаматтарын алдаған екі call-орталықтың қызметі тоқтатылды, — деп хабарлады департамент басшысы Жандос Сүйінбай.