Қазақстанда құрылысқа бақылау жүргізуге арналған бірыңғай портал енгізіледі

Индустрия және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Үкімет отырысында құрылыс саласын цифрлық трансформациялау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, министрлік құрылыс саласында барлық жұмыс кезеңдерін: жоспарлау, жобалау және нысанның құрылысы барысын қамтитын Бірыңғай портал құруда.
Порталда “бір терезе” қағидаты бойынша қажетті қызметтерді алу кезінде салалық жүйелерге үздіксіз өту мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, құрылыс барысын мониторингтеу аясында министрлік бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын жүзеге асыруды бақылау үшін жасанды интеллект қолданатын постбақылау технологиясын пилоттық режимде енгізуді жоспарлап отыр.
Жобаның мәні — елді мекен аумағын әуеден шолу арқылы компьютерлік көру технологиясын қолдану. Алынған мәліметтер жүйеде цифрлық жоспарлау жобасымен және бас жоспармен салыстырылады. Егер бекітілген қала құрылысы жобаларынан ауытқулар анықталса, жүйе мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына тиісті шаралар қабылдау үшін автоматты түрде хабарлама жібереді.
Цифрландырудың келесі маңызды бағыты — құрылыс кезеңі. Құрылыс барысын цифрландыру үшін барлық қатысушыларға арналған бірыңғай цифрлық алаң — E-Qurylys әзірленген.
E-Qurylys жүйесінде келесі функциялар қамтылған:
- Орындаушы-техникалық құжаттаманы жүргізу;
- Техникалық қадағалау есептілігі;
- Алдын ала бақылау;
- Біліктілік талаптарына сәйкестікті тексеру;
- Инженерлік-техникалық қызметкерлердің, сарапшылардың және рұқсаттардың реестрін жүргізу.
Аталған жүйені қолдану бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор есебінен жүзеге асырылатын нысандар үшін міндетті болып табылады.