Қазақстанда медициналық көмекті төлеудің Бірыңғай жүйесі енгізілуде: МӘМС жүйесіндегі өзгерістер

Қазақстанда медициналық көмекті төлеудің Бірыңғай жүйесі (БМТЖ) енгізілуде — бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық құрал. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүйе тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін (ТМККК) де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтерді де қамтиды.
БМТЖ-ның пилоттық іске қосылуы 2025 жылғы наурызда Ақмола облысының медициналық ұйымдарында өтті. Ал 1 шілдеден бастап жүйе бүкіл ел бойынша іске қосылады.
БМТЖ келесі мүмкіндіктерді береді:
- көрсетілген көмектің негізділігін жекелей есепке алу және толық бақылауды қамтамасыз ету;
- негізсіз есептен шығарулар мен «қосып жазуларды» жою;
- қызмет көрсету барысында кеткен бұзушылықтар мен қателерді автоматты түрде анықтау;
- тек нақты көрсетілген медициналық көмекті төлеу.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, жүйенің тиімділігі қазірдің өзінде дәлелденген: Ақмола облысындағы пилоттық жоба аясында 11 мыңнан астам медициналық көмектің стандарттарға сәйкес келмеу жағдайы тіркелді. Атап айтқанда, «қосып жазу» бойынша бұзушылықтар анықталып, БМТЖ-ның адал емес тәжірибелермен күресте айтарлықтай әлеуеті бар екені белгілі болды.
Анықталған бұзушылықтарды қарастыру нәтижесінде ұйымдастырушылық және қаржылық сипаттағы шаралар қабылданбақ. Сапаны автоматты бақылау медициналық ұйымдарды науқастардың нақты қажеттіліктеріне бағдарлануға ынталандырады.
Президент көмекшісі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңес барысында инфрақұрылымның дайындық деңгейі, мамандарды оқыту және жекелеген көмек түрлеріне тарифтерді қайта қарау мәселелері де талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауынша, БМТЖ енгізу әділ қаржыландыруды қамтамасыз етіп, бақылауды күшейтіп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді арттырады.