Қазақстанда мектеп директорлары жеке деректерді жариялағаны үшін айыппұлға тартылды

Қазақстанда мектеп директорлары жеке деректерді жариялағаны үшін айыппұлға тартылды

Абай облысының Бородулиха ауданында үш орта мектептің 194 қызметкерінің жеке деректерінің таралу фактісі тіркелді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұзушылықты аудан прокуратурасы мемлекеттік сатып алу порталын мониторингтеу барысында анықтады. Белгілі болғандай, медициналық тексеруден өткізуге байланысты сатып алулар жарияланған кезде білім беру ұйымдарының қызметкерлері толық анкеталық деректері, ЖСН және басқа да құпия мәліметтері бар қызметкерлердің тізімін орналастырған.

«Заңнамаға сәйкес, мұндай деректер міндетті түрде қорғалуы тиіс. Шектеулі қолжетімділігі бар ақпаратқа ие тұлғалар бұл мәліметтерді құпия ұстауға және иесінің келісімінсіз не заңды негіздерсіз таратпауға міндетті», – деп атап өтті Бас прокуратура.

Мектеп басшылығының осы талаптарды сақтамауы жеке деректерді заңсыз мақсатта қолдану қаупін туғызған.

Тексеру нәтижесінде аудан прокуратурасы мектеп директорларын ҚР ӘҚБтК-нің 79-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жалпы айыппұл сомасы 1 миллион теңгеден асты. Сондай-ақ, басшыларға тәртіптік шаралар қолданылды.

Өз кезегінде аудандық білім бөлімі мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

TSARKA қолдауымен