Қазақстанда сот шешімдері мен зияткерлік меншікке жасанды интеллект енгізіледі

Қазақстанда сот шешімдері мен зияткерлік меншікке жасанды интеллект енгізіледі

Әділет министрлігі азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауды жақсарту және мәжбүрлеп орындау институтын жетілдіру бойынша бірқатар инновациялық шешімдерді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында Әділет министрі Ерлан Сарсембаев мәлімдеді.

Атап айтқанда, әділет органдарын цифрландыру аясында «Өндіріп алушы мен борышкердің Жеке кабинетін» жетілдіру және жаңа «Цифрлық ассистентті» енгізу жоспарлануда. Бұл құрал пайдаланушыларға сот шешімдерін орындаудың барлық кезеңдерін қадағалауға мүмкіндік береді. Өндіріп алушылар мен борышкерлер сот орындаушысы қандай әрекеттерді орындағанын және болашақта не істеу қажет екенін көре алады.

«Пайдаланушылар сот орындаушысының әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне жауап бере алады», — деп атап өтті ҚР Әділет министрі Ерлан Сарсембаев.

Сондай-ақ, орындаушылық іс жүргізуді автоматтандыру жоспарлануда, бұл мүліктерге салынған тыйымдарды уақтылы алып тастау, Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеулерді жою және талап қою мерзімі өткен атқарушылық құжаттар бойынша борышкерлер тізілімінен шығару мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Зияткерлік меншікке арналған цифрлық платформа

Бұдан бөлек, Қазақстанда зияткерлік меншікпен тиімді жұмыс істеуге арналған цифрлық платформа құрылады. Авторлар мен өзге де құқық иеленушілерге өз шығармаларын пайдалану кезеңдерін онлайн бақылауға мүмкіндік беріледі. Олар шарттардың қалай жасалып жатқанын, сыйақыны жинау және бөлу процестері мен төлемдер қалай жүзеге асырылатынын қадағалай алады. Бұл қадам авторлық контент жасаушылар үшін ашықтық пен ыңғайлылықты арттырып, олардың мүдделерін тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформаны енгізу жоспарланып отыр. Ол мемлекеттік тізілімдерге енгізілген зияткерлік меншік объектілері бойынша талдау және есептілік жүргізуді қамтамасыз етеді. Іздеу жүйелерін жетілдіру, авторлар мен құқық иеленушілерге арналған мобильді қосымша әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны кеңейту мәселелері қарастырылуда.

TSARKA қолдауымен