Қазақстанда студенттерге арналған ЖИ оқыту бағдарламасы іске қосылады

Қазақстанда студенттерге арналған жасанды интеллект бойынша оқу бағдарламасы іске қосылады
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі 100 мың студенттің жасанды интеллект саласындағы білімін және дағдыларын дамытуға бағытталған инновациялық AI-Sana бағдарламасының іске қосылатынын жариялады. Бұл туралы министрліктің цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында айтты.
AI-Sana бағдарламасы жас таланттарды қолдауға және DeepTech саласындағы стартаптарды дамытуға бағытталған. Оның әзірленуіне жасанды интеллект саласындағы әлемнің жетекші сарапшылары қатысты.
AI-Sana бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрады:
1. Базалық онлайн-курс: бастапқы нөлдік кезеңде барлық студенттерге жасанды интеллект бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі.
2. Іріктеу және тереңдетілген оқу: келесі кезеңде шамамен 100 мың студент жасанды интеллект бойынша тереңдетілген оқудан өтеді.
3. Жобаларды әзірлеу және ауқымдау: перспективалы жобалар мен минималды өміршең өнімдер (MVP) жетілдіріліп, әрі қарай кеңейтіледі.
4. Стартаптарды қолдау: соңғы кезеңде студенттік стартаптарға нарыққа шығуға қолдау көрсетіледі.