Қазақстанда цифрлық активтерді реттеу қалай реформаланбақ?

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Премьер-Министрге цифрлық активтер саласын реформалау бойынша ұсыныстармен депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, қазіргі реттеу моделі саланың дамуын шектеп, көлеңкелі нарықтың өсуіне ықпал етуде.
Бүгінгі күні Қазақстанда цифрлық активтер тек АХҚО-ның криптобиржаларында ғана заңды түрде айналымда бола алады, алайда бұл инфрақұрылымды тек 5% пайдаланушылар ғана қолданады, қалғандары — заңсыз айырбастау пункттері арқылы жұмыс істейді. Смышляеваның пікірінше, бұл жағдай саланың дамуын тежеп, оның инвестициялық тартымдылығын төмендетіп отыр.
Сондай-ақ, депутат заңды майнинг саласындағы тоқырауға, компанияларға деген сенімнің төмендеуіне және нарық қатысушыларына қатысты шамадан тыс қатаң санкцияларға назар аударды.
Депутаттың пікірінше, цифрлық активтер саласын әрі қарай дамыту үшін мынадай шаралар қажет:
— Көлеңкелі нарықты қысқарту үшін қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер айналымына тыйымды шектеуге ауыстыру, жеке тұлғалардың лицензияланған платформалар арқылы қатысуына рұқсат беру.
— Барлық түрдегі цифрлық активтердің заңды түрде шығарылуы мен айналымына арналған инфрақұрылымды кеңейту, бұл үшін алдымен АХҚО аясында, кейін ұлттық деңгейде цифрлық активтер қызметі провайдерлерін (айырбастау пунктерін) лицензиялау аясын кезең-кезеңімен кеңейту.
— Цифрлық активтер саласындағы қылмыспен күрестің тиімділігін арттыру үшін бақылау шараларын қарапайым пайдаланушылардан адал емес делдалдарға ауыстыру.
— Цифрлық активтер саласындағы құқық бұзушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік құрамдарын қайта қарау.
— Лицензияланған майнинг компанияларын энергетика саласын қоса алғанда, инвестициялық жобаларға қатыстыру.
— Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және айналымға енгізуге байланысты жобаларды инновациялық қызметті қолдаудың басым бағыттарына енгізу.
— Цифрлық активтер саласын реттеу үшін пилоттық және эксперименттік құқықтық режимдерді кеңінен пайдалану.