Қазақстанда «Цифрлық ҚҚС» пилоттық жобасы іске қосылды

Қазақстанда цифрлық теңге негізінде блокчейн технологиясы қолданылатын «Цифрлық ҚҚС» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл – ұлттық валютаның жаңа формасы. Жобаны Мемлекеттік кірістер комитеті Ұлттық банкпен бірлесіп жүзеге асырып жатыр және оның мақсаты – бизнестің ҚҚС қайтару процесін жеңілдету.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Экспорттаушы компаниялар екінші деңгейлі банктер арқылы Ұлттық банктен ҚҚС таңбаланған цифрлық теңгені сатып алады. Бұл қаражатты тек жеткізушілермен және бюджетпен есеп айырысуға пайдалануға болады – қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа операциялар жасау мүмкін емес.
Барлық транзакциялар туралы мәлімет салық органдарына нақты уақыт режимінде беріледі, бұл ҚҚС қайтару мерзімін 5 күнге дейін қысқартады. Сонымен қатар, салықтық тексерулер жүргізілмейді, бұл тәуекелдерді азайтады.
Жобаның артықшылықтары:
● ҚҚС қайтару мерзімінің қысқаруы – стандартты 55-75 күннің орнына 15 күнге дейін
● Салықтық тексерулердің болмауы, бұл бизнестің шығындарын азайтады
● Қаржылық жоспарлауды жеңілдету, өйткені қаражат айналымы жеделдетіледі
2024 жылдың IV тоқсанында пилоттық жобаға қатысушыларға ҚҚС 5 күн ішінде қайтарылды – тексерулерсіз және қосымша рәсімдерсіз.
Мемлекеттік кірістер комитеті жобаны кеңейту жоспарланып отырғанын хабарлады. Цифрлық шешімдер салық түсімдерінің ашықтығын арттырып, ҚҚС әкімшілендіруді жеңілдетеді.