Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тіркеу толықтай онлайн болады

Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу онлайн форматқа ауыстырылады. ІІМ мен Цифрлық даму министрлігінің тиісті бірлескен бұйрығы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат 25 тамызға дейін қоғамдық талқылаудан өтеді.
Жобаға сәйкес, жеке тұлғаларға арналған «Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу» қызметі тек онлайн қолжетімді болады. Өтуді 2026 жылғы 30 маусымға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Ведомстволарда бұл бастама мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдетуге және тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Тұрғылықты жері бойынша тіркеу ҚР азаматтарына, сондай-ақ елде 5 күннен (визалық елдер үшін) немесе 30 күннен (визасыз елдер үшін) артық уақыт болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға міндетті. Ол халықты есепке алу, инфрақұрылымды жоспарлау және мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажет. Қазір оны eGov.kz порталы немесе банк қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады.