Қазақстанда Ұлттық банк жанынан криптовалютаны сақтайтын мемлекеттік резерв құру ұсынылды

Қазақстанда Ұлттық банк жанынан криптовалютаны сақтайтын мемлекеттік резерв құру ұсынылды

Қазақстан Республикасы Мәжілісінде криптоактивтерді сақтау үшін мемлекеттік цифрлық резерв құру туралы ұсыныс айтылды. Бұл бастаманы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Олжас Құсбеков депутаттық сауал аясында көтерді.

Оның айтуынша, парламенттік бақылау барысында цифрлық активтерді реттеу саласында жүйелі олқылықтар мен тәуекелдер анықталған. Бұл кемшіліктер, депутаттың пікірінше, қаржы жүйесінің тұрақтылығына, азаматтардың қауіпсіздігіне және мемлекеттік институттардың беделіне қатер төндіреді.

Қандай мәселелер алаңдаушылық туғызуда:

Тәркіленген криптоактивтерді сақтау механизмі жоқ.

Қазіргі уақытта заңнамада қылмыстық істер аясында тәркіленген криптовалюта активтері қайда және қалай сақталуы тиіс екені нақты реттелмеген. Бұл олардың жоғалуы, ұрлануы немесе үшінші тұлғалар арқылы заңдастырылуы сияқты тәуекелдерге әкеледі.

Азаматтардың, әсіресе жастардың, «сұр» криптонарыққа жаппай тартылуы.

Мұндай күмәнді схемаларға көбінесе жастар қатысады. Заңды лицензиясы жоқ блогерлер мен «криптобапкерлер» (коучтар) заңсыз платформаларды насихаттап, кепілді табысқа уәде береді.

Екінші деңгейлі банктердің қатысуы.

Депутаттың айтуынша, кейбір банктер криптонарықтағы операцияларды заң аясынан тыс жүзеге асыруда. Бұл ретте ішкі бақылау тетіктері жиі қолданылмайды.

Лицензиясыз криптобиржалардың жұмысы.

Заңмен тыйым салынғанына қарамастан, мұндай платформалар әлі де белсенді: олар танымал қосымшалар дүкендерінде қолжетімді, әлеуметтік желілерде жарнамаланады және бұқаралық іс-шараларға қатысады. Тек 2023 жылдың өзінде Қазақстандағы криптоайналымның 86,2%-ы (шамамен 3,5 млрд доллар) заңсыз сегмент арқылы өткен.

Депутат қандай ұсыныстар білдірді:

– Тәркіленген криптоактивтерді сақтау үшін Ұлттық банк жанынан мемлекеттік цифрлық резерв құру;

– Заңнамаға «инвестициялық коучинг» ұғымын енгізу және мұндай қызметті міндетті түрде лицензиялау, сондай-ақ ережелерді бұзған тұлғалардың аккаунттарын бұғаттау;

– Ақша аударымдарына аудит жүргізу;

– Банктердің талаптарды орындауын қатаң бақылау;

– Лицензиясыз криптобиржалардың сайттары мен қосымшаларын бұғаттау;

– Рұқсат етілген криптоплатформалардың ресми тізімін жариялау.

Депутаттың пікірінше, бұл шаралар азаматтардың қорғалуын қамтамасыз етіп, цифрлық активтердің айналымын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

TSARKA қолдауымен