Қазақстанда ұлттық суперкомпьютер ресурстарын пайдалану үшін өтінім беруге арналған платформа іске қосылды
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұлттық суперкомпьютерлік кластер ресурстарын пайдалану үшін өтінім беруге арналған Alem.Cloud платформасын таныстырды. Alem.Cloud суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты жүйелердің TOP500 рейтингіне кіріп, 86-орынды иеленді. Бұл – өңірдегі ең ірі есептеу орталығы мәртебесін растайды.
Alem.Cloud ресурстары заңды тұлғаларға қолжетімді: мемлекеттік органдарға, ғылыми және білім беру ұйымдарына, стартаптарға, жеке компанияларға, сондай-ақ Astana Hub резиденттеріне. Министрлік ресурстарды бөлу тәртібін әзірледі, онда жобалардың стратегиялық маңыздылығы мен елдің ЖИ саласындағы ұлттық даму міндеттері ескеріледі.
Суперкомпьютерді пайдаланудың басым бағыттары: мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және су ресурстары, мұнай-газ саласы, тау-кен металлургия кешені және энергетика, геология және барлау, көлік және логистика, өнеркәсіп және құрылыс, робототехника және дрондар, киберқауіпсіздік, қаржы технологиялары.
Өтінімді қалай беру керек?
Платформа арқылы өтінім беру үшін пайдаланушы сілтеме бойынша өтіп, қажетті ресурстар санын (GPU), CPU, RAM және SSD-жад көлемін, жалға алу мерзімін көрсетіп, жобаның сипаттамасын жазуы қажет. Платформада құны мен қажетті конфигурацияны есептеуге мүмкіндік беретін калькулятор бар. Әрбір өтінім заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) расталады.
Ұлттық суперкомпьютер есептеу ресурстарының тұрақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Қызметтер тәулік бойы қолжетімді, деректер резервтік көшіру арқылы қорғалған, ал SLA талаптарының сақталуы жоғары қолжетімділік пен болжамды жұмысты кепілдейді. Бұл компаниялар мен ұйымдарға өз жобаларын сенімді жоспарлауға және жүзеге асыруға мүмкіндік береді.