Қазақстанда заңсыз смартфондар бұғаттала бастайды

Қазақстанда заңсыз смартфондар бұғаттала бастайды

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2025 жылғы 24 наурыздан бастап мобильді құрылғыларды тіркеудің жаңа ережелері күшіне енеді. Бұл өзгерістер IMEI-кодтардың ақ, сұр және қара тізімдерін енгізуді қамтиды.

Бұл қалай жұмыс істейді?

Енді байланыс операторлары смартфондардың IMEI-кодтарын тексеріп, оларды үш санатқа бөледі:

 • Ақ тізім – заңды түрде сатып алынған және дерекқорда тіркелген құрылғылар.

 • Сұр тізім – мәртебесі расталмаған құрылғылар. Иесі сатып алу заңдылығын дәлелдеу үшін 30 күн уақыт алады.

 • Қара тізім – жалған, өзгертілген немесе көшірілген IMEI-коды бар смартфондар. Мұндай құрылғылар желіден толығымен ажыратылады.

Байланыс операторлары құрылғы иелерін олардың мәртебесі туралы хабардар етуге міндетті. Егер смартфон сұр тізімге енгізіліп, белгіленген мерзімде тексеруден өтпесе, ол автоматты түрде қара тізімге енгізіліп, бұғатталады.

Қосымша бақылау шаралары

 • Жөндеуден кейінгі IMEI тексерісі: егер смартфонның идентификаторы авторизацияланған сервис орталықтарында ауыстырылса, деректер халықаралық GSMA базасы арқылы расталуы керек.

 • Құрылғыларды әкелуді бақылау: шекарадан өткен кезде смартфонды заңды түрде сатып алынғанын растайтын құжаттарды көрсету қажет.

 • Тексеру мерзімі:

 • Жеке тұлғалар үшін – 3 сағат ішінде

 • Заңды тұлғалар үшін – 6 сағат ішінде

“Идентификациялық кодтар дерекқорының операторы осындай тексеру аяқталған сәттен бастап 3 жұмыс сағаты ішінде (теріс нәтиже болған жағдайда – ред.) абоненттік құрылғы туралы мәліметтерді қара тізімге енгізіп, ұялы байланыс операторларына тиісті хабарлама жібереді. Ұялы байланыс операторы көрсетілген хабарламаны алған сәттен бастап абоненттік құрылғының иесіне оның ұялы байланыс қызметтерін пайдалануына тыйым салынғаны және бұғаттау себептері туралы ақпарат береді”, – делінген хабарламада.

Жаңашылдықтың себебі

Бұл өзгерістердің басты мақсаты – заңсыз смартфон айналымымен күресу. Әсіресе, 2022 жылғы тәртіпсіздіктерден кейін екінші нарықта күмәнді құрылғылардың сатылымы әлі де жалғасуда.

Байланыс операторлары өз дерекқорларында жаңа жүйені тестілеуді бастап кетті. 2025 жылғы 24 наурыздан бастап, IMEI кодын тексермей, қолданылған смартфон сатып алу оны бұғаттауға әкелуі мүмкін.

Пайдаланылған смартфон сатып алар алдында IMEI-кодты тексеріңіз (*#06#) және ашық дерекқорларда оны заңдылығын растаңыз!

TSARKA қолдауымен