Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды
Заңмен жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары енгізілді.
Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру объектісі ретінде айқындалды. Енді жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындауына арналған құрал ретінде танылады.
Осыған байланысты жауапкершілік пен бақыланушылық қағидаты бекітілді: жүйелердің иелері, меншік иелері және пайдаланушылары жасанды интеллектті пайдалану кезіндегі рөлдеріне сәйкес жауап береді. Иелер мен меншік иелеріне тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің жұмысына қатысты қолдау көрсету міндеттері жүктелді.
Сонымен қатар заңдылық, әділдік, теңдік, ашықтық пен түсініктілік, адамның игілігін басым қою, шешім қабылдаудағы ерік бостандығы, деректер мен құпиялылықты қорғау, қауіпсіздік және қорғалу қағидаттары бекітілді.
Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мүмкіндіктерге ие жасанды интеллект жүйелерін жасауға және пайдалануға тыйым салынды (бейсаналық немесе манипулятивтік әдістерді қолдану; дербес деректерді заң бұза отырып жинау және өңдеу; басқа да қауіпті мүмкіндіктер).
Жасанды интеллект көмегімен жасалған нәтижелер туралы қоғамды хабардар ету үшін мұндай тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге міндетті түрде арнайы таңбалау енгізілді.
Әлемдік тәжірибені ескере отырып, жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу мен дамыту процесін жеделдететін ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеуінің заңнамалық негіздері енгізілді. Платформа платформалық бағдарламалық өнімдерді, жасанды интеллект модельдерін әзірлеу, оқыту және шектеулі уақыт ішінде пилоттық түрде пайдалану үшін қолданылады.