Қазақстанда ЖИ-ді дамыту және енгізу үшін цифрлық штаб құрылды

Қазақстанда ЖИ-ді дамыту және енгізу үшін цифрлық штаб құрылды

Премьер-Министр Олжас Бектенов Жасанды интеллектті дамыту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Президент айқындаған тоғыз негізгі бағыт қаралды. Олардың қатарында – ЖИ-ді экономиканың нақты секторына, мемлекеттік басқару мен денсаулық сақтау саласына енгізу, Жасанды интеллект пен цифрлық трансформация стратегиясын әзірлеу, мемлекеттік қызметтер мен өтініштерді өңдеу үдерістерін дамыту, IT-архитектураны жаңғырту, ұлттық QazTech платформасын дамыту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, отандық IT-стартаптарды қолдау және Smart city жүйесін жетілдіру бар.

Президент тапсырмаларын іске асыру тәсілдері туралы баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, басты міндет – экономиканы ЖИ арқылы дамыту. Осы бағытта Үкімет «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-пен бірлесіп, еңбек өнімділігін арттыру үшін өндірістік процестерге ЖИ енгізу жөніндегі Жол картасын әзірлеуді бастаған.

Денсаулық сақтау саласында жаңа технологиялар неғұрлым дәл диагноз қоюға, жеке ем тағайындауға, пациенттердің жағдайын үздіксіз бақылауға және дәрігерлерді рутиндік міндеттерден босатуға мүмкіндік береді, бұл көрсетілетін қызметтердің сапасына, ашықтығына және тиімділігіне оң әсер етеді. Маңызды қадамдардың бірі – отандық стартаптардың Денсаулық сақтау министрлігінің инфрақұрылымына қол жеткізуі және Бірыңғай медициналық деректер базасына көшу.

Мемлекеттік қызметтер саласында Aitu мессенджерін ұлттық деңгейде бекіту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік органдар Aitu-ға көшіріліп, экожүйенің негізгі қатысушылары бірыңғай цифрлық ортаға интеграцияланады. Бұл тәсіл заманауи, қауіпсіз және қолайлы цифрлық ортаны қалыптастырып, мемлекеттік сервистерді әр азаматқа бір қадамда қолжетімді етпек.

Сонымен қатар, елдің IT-ландшафтының архитектуралық тәртібін күшейту және деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік бойынша кешенді шаралар қабылдау жоспарланған.

«Мемлекет басшысы ЖИ технологияларын барлық салаға енгізудің өзекті мәселелеріне назар аударды. Бұл мәселелерді жедел және тығыз ынтымақтастықта шешу қажет. Мұнда тек ЖИ-дің құқықтық негізін жетілдіру ғана емес, деректердің бытыраңқылығын жою, суперкомпьютер қуаттарын бөлу бойынша нақты регламенттің болмауы, киберқауіпсіздік, QazTech платформасына толық көшу секілді мәселелер бар. Бұл міндеттердің барлығы стратегиялық маңызға ие және ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін экономикалық тиімділікпен орындалуы тиіс», — деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.

Цифрлық даму министрлігіне ұсынылған тәсілдерді мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен пысықтау тапсырылды. Үкімет жақын арада нақты мерзімдері мен нәтижелері көрсетілген іс-шаралар жоспарын бекітеді.

Экономикада ЖИ-ді жедел дамыту және енгізу, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын бақылау мақсатында Премьер-Министрдің өкімімен цифрлық трансформация жөніндегі топ (цифрлық штаб) құрылды.

Премьер-Министр төрағалық ететін цифрлық штаб құрамына Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі және Президенттің цифрландыру жөніндегі кеңесшісі кірді.

Цифрлық штабтың жедел түрде міндетті шешімдер қабылдауы ЖИ технологияларын жаппай және жедел енгізуге ықпал етпек.

TSARKA қолдауымен