Қазақстанда ЖИ саласында мамандандырылған зерттеу университеті құрылады

Қазақстан Президенті жасанды интеллектті дамыту жөніндегі Кеңестің алғашқы отырысын ашты. Отырыста адами капитал мәселелері мен білім беру жүйесіне ЖИ енгізу талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласында мамандандырылған зерттеу университетін құруды тапсырды.
«Оқу орнына ерекше мәртебе беру қажет. Бұл жұмысқа серіктестер ретінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарын тарту маңызды. Үкіметке жыл соңына дейін нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын. «Қазақстанға мұндай бағыттағы жаңа университет не үшін қажет?» деген сұрақ тууы мүмкін. Негізгі мақсат – жасанды интеллект технологияларын экономиканың барлық саласына енгізетін білікті мамандарды даярлау. Зерттеу университеті ғылым, білім, инновациялар мен халықаралық коммуникациялар орталығы ретінде жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде білім мен технологиялар саласындағы жаһандық бәсеке аса жоғары. Сондықтан талантты жастар сапалы, әлемдік деңгейдегі білімді тек шетелде ғана емес, өз елінде де алуға мүмкіндікке ие болуы қажет. Қазақстанның болашағы осыған тікелей байланысты», – деді Президент.
Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне жасанды интеллектті кеңінен енгізуді қажет деп есептейді.
«Жеке траекторияға негізделген оқу – бұл революциялық мүмкіндік. «Барлығына бір бағдарлама» деген дәстүрлі модель заман талабына сай емес. Әрбір оқушы – қайталанбас. Біреулер математикада жетістікке жетсе де, тіл үйренуде қосымша қолдауды қажет етеді; ал басқалары гуманитарлық ғылымдарда үздік нәтиже көрсетіп, бірақ физикаға көбірек уақыт бөлуі керек. ЖИ бұл кедергіні еңсере алады. ЖИ негізіндегі білім жүйесі әрбір оқушының қабілетіне қарай жеке оқу бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл жастардың әлеуетін ашуға және олардың оқуға деген ынтасын арттыруға көмектеседі. Бұл салада халықаралық оң тәжірибе бар. Мысалы, АҚШ-та DreamBox пен Knewton платформалары математика курстарын әр оқушыға бейімдейді, ал Оңтүстік Кореяда ЖИ тіл үйренуде қолданылады. Қазақстан үшін мұндай тәсілдерді пайдалану аса маңызды. Көпэтносты мемлекет ретінде біз әрбір балаға тілдік, мәдени немесе білім беру деңгейіне қарамастан тең жағдайды қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.