Қазақстанда жүкті әйелдер мен босанған аналарға арналған электрондық карталар енгізілуде

Қазақстанда Президенттің цифрлық трансформация мен медициналық қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында 18 жасқа дейінгі балаларға арналған цифрлық профиль жасау жұмысы жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады.
Бүгінде балабақша мен мектепке қабылдау үшін қажет электронды денсаулық паспорты енгізілді. Бұл жүйе медициналық қызметтердің көлемін бақылауға, қауіп факторларын анықтауға және жалпы денсаулық мониторингін жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жүкті және босанған әйелдерге арналған электрондық карталар мен олармен проактивті жұмыс істеуге арналған сервис әзірленіп, енгізілді.
Қазіргі таңда болашақ аналарға 348 мыңнан астам жоспарланған қабылдаулар мен скринингтер туралы хабарлама жолданды.
Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап жаңғыртылып жатқан Жүкті әйелдер регистрі мен медициналық ақпараттық жүйелер арасында интеграция жүзеге асырылды.