Қазақстандағы киберқауіпсіздік: шараларды күшейту және міндетті киберсақтандыру

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Абдикаликов адам капиталының дамуын, жеке деректерді қорғауды және сенімді инфрақұрылым құруды қамтитын жаңа киберқауіпсіздік шаралары туралы айтты.
2024 жылы киберқауіпсіздік мәселелері бойынша халықтың хабардарлығы 80,4%-ға жетті. Ақпараттық қауіпсіздік саласында кадрларды даярлау 8 жоғары оқу орнында және 25 колледжде жүргізілуде. Мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын артып келеді. 2024–2025 жылдары киберқауіпсіздік және криптология саласына 3600 білім беру гранты бөлінді.
2024 жылы ақпараттық қауіпсіздік бойынша 210, жеке деректерді қорғау бойынша 60 тексеру жүргізілді.
2025 жылғы 13 наурыздан бастап жеке деректерді қорғау, электрондық құжаттар және ЭЦҚ саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді:
• Әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімдері ұзартылды,
• Жеке деректерді қорғау саласындағы айыппұлдар 3 есе,
• Ақпараттандыру саласындағы айыппұлдар 5 есе өсті.
• ЭЦҚ-ны заңсыз пайдаланғаны және оның түпнұсқалығын тексермегені үшін жаңа шаралар енгізілді.
Сонымен қатар, CITIZENSEC.KZ ұлттық білім беру платформасы іске қосылды, ол 41 мың адамды оқытты. 1 миллионнан астам жеке деректі өңдейтін операторлар үшін міндетті киберсақтандыру енгізілді. Азаматтарды алаяқтықтан қорғау және заңсыз кредиттердің алдын алу мақсатында компрометацияланған деректер реестрі құрылуда.
“Amanat” партиясы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті, Балаларды қорғау комитеті, ІІМ, АФМ, АРРФР және “ГТС” АҚ, ЦАРКА, MSSP.GLOBAL киберқауіпсіздік саласының сарапшыларымен бірлесіп, “Цифрлық қоғам” ауқымды жобасын іске қосты. Жобаның мақсаты – азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету.
“Цифрлық қоғам” жобасы – бұл жай ғана жоба емес, цифрлық әлемдегі қауіпсіз болашаққа жасалған маңызды қадам. Жоба аясында:
• Ата-аналар жиналыстары өткізіледі,
• Егде жастағы адамдар үшін “Күміс лига” цифрлық сауаттылық орталықтары ашылады,
• Цифрлық волонтерлер оқытылады,
• Цифрлық заңдар әзірленеді және цифрлық сауаттылық индексі құрылады.
Алаяқтықтың жиілеп кетуіне байланысты Руслан Абдикаликов киберқауіпсіздік бойынша келесі қарапайым ұсыныстарды еске салды:
• Жеке ақпаратыңызға мұқият болыңыз. Күрделі парольдерді қолданыңыз және оларды үнемі өзгертіп отырыңыз. Екі факторлы аутентификацияны қосу қауіпсіздік деңгейін арттырады.
• Фишингтен сақ болыңыз. Әрқашан жіберушінің мекенжайын тексеріңіз және сілтемелердің түпнұсқалығына күмәніңіз болса, оларды баспаңыз.
• Өте тиімді болып көрінетін ұсыныстардан сақ болыңыз. Ақпаратты тексеріңіз, мәліметтерді талдаңыз және маңызды шешім қабылдамас бұрын тек сенімді дереккөздерге сеніңіз.
Егер алаяқтық немесе жеке деректердің таралуы туралы күдік туындаса, дереу тиісті органдарға хабарласу маңызды. Бұл сізге ғана емес, басқа азаматтарға да көмектеседі, өйткені алаяқтық схемалар туралы ақпарат кейінгі заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін қолданылуы мүмкін.