Қазақстандағы кен өндірудегі инновация: ақылды рентген өндіріс пен өңдеуді жеңілдетеді

Қазақстанның тау-кен өндірісінде нағыз технологиялық серпіліс орын алды. Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының академик Амандық Төлешов жетекшілік ететін ғалымдар тобы кен құрамын тікелей кен орнында - жылдам, дәл, әрі үлгіні бұзбай анықтайтын ерекше рентгенфлуоресценцттіаспаптар жасап шығарды. Бұл отандық аспаптар шетелдік баламаларынан артық екенін дәлелдеді.
Күрделі атауға ие «рентгенфлуоресцентті» немесе EDXRF аспаптары тау-кен саласына шын мәнінде тың серпін берді. Оны кенге арналған ақылды рентген деп елестетіңіз -қуатты, нақты және сенімді. Ол кен үлгісін рентгенмен сәулелендіріп, кейіннен элементтердің сәуле шығаруын тіркеп, құрамын дәл анықтайды.
Ең бастысы - бұл тек зертханада ғана емес, жер астында, шаңды, суық және қиын жағдайларда да жұмыс істей береді. Құрамында химиялық реагенттер жоқ, экологияға зиян келтірмейді, қосымша шығынды талап етпейді - тек таза ғылым және нақты нәтиже.
Аспатын ішкі бөлігінде заманауи технологиялар шоғырланған. Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған, қазақстандық IT мамандары жасаған SBSWin атты ақылды алгоритм кен құрамын тұрақты әрі жоғары дәлдікпен талдайды. Бұл аз қателік, аз шығын және көп пайда дегенді білдіреді. Бірақ басты артықшылығы -жылдамдық: бұрын сағаттап уақыт алатын процесс енді секундтармен өлшенеді. Уақыты ақшаға тең тау-кен саласында бұл шешуші фактор.
«Қазақмыс» компаниясының өндіріс орындарында бұл аспаптар кенді талдау тәсілін түбегейлі өзгертті. 2019-2023 жылдар аралығында Төлешовтің командасы жасаған РЛП-21 аспабы екі миллионға жуық үлгіні өңдеп, тәулігіне мыңнан астам талдау жүргізді. Әрбір талдау бір уақытта отыздан астам элементті анықтап, кен құрамын нақты көрсете алады.
Алайда, нағыз «батыр» - РПП-12Т далалық аспабы. Қымбат шетелдік баламалар бұзыла бастаған кезде, ол сенімді жұмыс істей береді. Геофизиктер осы аспаптын көмегімен 655 шақырымнан астам жерасты учаскелерін зерттеді. Ол дала жағдайында да тиімді - үлгілерді зертханаға жеткізбей, жылдам талдауға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз - шығын аз, дәлдік жоғары.
Кен құрамын нақты уақыт режимінде бақылау бұрын тек арман болса, енді шындыққа айналды. Жобалық ұжым жасаған РКС-21 кен бақылау станциясы кен құрамындағы өзгерістерді тікелей конвейерде бақылайды. Аталғантехнология шикізат сапасына жедел әрекет етуге және байыту процесін нақты уақытта түзетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар миллиондаған теңге үнемдеудің кілті болып табылады.
Бұл аспаптар - әлемдік стандарттарға жетуге ұмтылған ғана емес, оларды қайта жазған отандық инженерлер мен ғалымдардың жетістігі. Қазақстандық әзірлемелер елдің нақты жағдайларына бейімделген, бағасы қолжетімді, сапасы жоғары және күрделі техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейді. Сонымен қатар аспаптар сәтті сертификатталған және қазіргі таңда шетел нарығына экспортталып жатыр.
Отандық EDXRF аспаптар - жай ғана құрал емес. Олар - кен өндірудің жаңа стандарты, индустриялық тәуелсіздіктің белгісі, ақылды экономиканың негізі және Қазақстанның жоғары технологиялар саласында стандарттар қоя алатын елге айналғанының көрінісі.