Қазақстандық AI-сервис Ұлыбританияда жүргізушілерге арналған емтихандарға енгізіледі

Қазақстандық AI-сервис Ұлыбританияда жүргізушілерге арналған емтихандарға енгізіледі

Қазақстандық IT-компания TrustExam.ai (жергілікті нарықта Oqylyq.kz брендімен жұмыс істейді) Ұлыбританиядағы жүргізушілерді кәсіби даярлау және білім беру шешімдері саласындағы жетекші халықаралық ұйым — Driving Instructors Association (DIA) ұйымымен стратегиялық әріптестік орнатқанын хабарлады.

Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен TrustExam.ai 2025 жылдың маусым айында Astana Hub және бірқатар қазақстандық IT-компаниялармен бірге Лондонда өткен London Tech Week халықаралық технологиялық көрмесіне қатысты. Бұл – Ұлыбританиядағы ең ірі жыл сайынғы іс-шара, оған 90-нан астам елден 45 000-нан астам қатысушы жиналды.

Қазақстанның ұлттық стендінде TrustExam.ai бірқатар жоғары деңгейлі питч-сессиялар өткізіп, Ұлыбританияның жасанды интеллект пен финтех саласындағы көшбасшыларымен тікелей келіссөздер жүргізді. Осы қадамдар компанияның Ұлыбританиядағы сертификаттау нарығында DIA-мен стратегиялық серіктестігіне жол ашты.

Әріптестік аясында жүргізушілер мен мотоцикл жүргізушілеріне арналған теориялық емтихандар жүйесі цифрландырылып, жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Бұл шешім тестілеудің адалдығы мен объективтілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, емтихан процесін үміткерлер үшін жылдамырақ, ыңғайлырақ және ауқымдырақ етеді.

TrustExam.ai атап өткендей, бұл жаңашылдық кандидаттарға күту уақытын қысқартып, икемді кестені ұсынады және оқудан жүргізуші куәлігін алуға дейінгі жолды қысқартады. Ал емтихан орталықтары мен оқу ұйымдары үшін сапа мен сенімділіктен айырылмай-ақ өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

TrustExam.ai – Стэнфорд университетінің StartX стартап-экожүйесіне кіретін қазақстандық AI-платформа. Жыл сайын 2 миллионнан астам пайдаланушыға қызмет көрсетіп, мемлекеттік органдарға, университеттерге және емтихан орталықтарына академиялық адалдық пен сертификаттау процестерінің сенімділігін қамтамасыз етуге көмектеседі.

Driving Instructors Association (DIA) – Ұлыбританиядағы ең ірі жүргізуші нұсқаушылары қауымдастығы, кәсіби қауымдастықтың мүдделерін қорғап, мамандардың оқуы мен дамуын қамтамасыз етеді. DIA-ның бөлімшесі — Diamond Advanced Motorists халықаралық деңгейде мойындалған бренд болып табылады және жүргізушілерді даярлау саласында мемлекеттік және жеке ұйымдар үшін сенімді серіктес саналады.

TSARKA қолдауымен