Қазақстандық делегация Бейжіңдегі Huawei ғылыми-зерттеу орталығына барды
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қытайға сапары аясында Бейжіңдегі Huawei ғылыми-зерттеу орталығына барып, Huawei вице-президенті және халықаралық үкіметтік байланыстар жөніндегі президенті Тонни Баомен кездесті.
Кездесу барысында Жаслан Мәдиев пен Тонни Бао цифрлық технологиялар мен цифрлық экономика саласындағы соңғы тенденциялар мен мүмкіндіктерді талқылады.
«Жасанды интеллект, бұлттық технологиялар және басқа да озық шешімдерді дамыту – біздің цифрлық трансформациямыздың басым бағыттары. Бүгін талқыланған жобалар осы цифрлық технологияларды елімізде дамыту үшін үлкен әлеуетті көрсетеді. Әлемдік ірі технологиялық компаниялармен ынтымақтастық бізге ақылды қалалар құруға, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді», – деді Жаслан Мәдиев.
Қазақстанда 26 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан Huawei компаниясы еліміздің аймақтық цифрлық орталыққа айналу бағытындағы тұрақты дамуына ықпал ететін сенімді ұзақ мерзімді серіктес болып қала беретінін мәлімдеді.