Қазақстандық экспорттаушыларға 6,8 млрд теңге қайтарылады

Қазақстандық экспорттаушыларға 6,8 млрд теңге қайтарылады

2025 жыл – қазақстандық экспорт үшін маңызды кезеңге айналды. Экспорттық шығындарды өтеу жүйесін жаңарту мен жетілдіру аясында шағын және орта кәсіпкерлік енді бұрынғыдан да көбірек қолдауға және жаңа мүмкіндіктерге ие болуда, деп хабарлады сыртқы сауданы қолдау жөніндегі ұлттық оператор QazTrade экспорттаушылармен онлайн-кездесуде.

QazTrade деректеріне сүйенсек, 2025 жылы экспорттаушыларды қолдауға арналған бюджет 6,8 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл қазақстандық компаниялар қаржыландыру көлемінің ұлғаюына сенім арта алады дегенді білдіреді. Бұл, өз кезегінде, шағын және орта бизнесті қолдау мен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазір ресурстар шикізаттық емес экспортты дамытуға және халықаралық нарықтарға шығатын компанияларды қолдауға бағытталуда.

Бұрын шығындар өтелуі үшін алдымен олардың жұмсалуы талап етілсе, 2025 жылы проактивті өтемақы жүйесі енгізілмек. Бұл мемлекеттік қолдау экспорттық қызмет басталмай тұрып-ақ көрсетіледі деген сөз. Компаниялар дайындық кезеңінде — маркетинг, қаптама, сертификаттау және халықаралық нарықтарға сәтті шығу үшін маңызды басқа да бағыттарда қолдау ала алады.

Осы қолдауды қамтамасыз ету үшін IT-экожүйе енгізу жоспарлануда, бұл процесті жеңілдетіп, барынша қолжетімді етеді. Барлық үдеріс — өтініш беру, мәртебесін қадағалау және қолдау шараларына қол жеткізу — бір цифрлық терезе арқылы жүзеге асырылады.

«Басты мақсатымыз — тек шығындарды өтеу емес, қазақстандық экспорттың өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау. Әсіресе, шикізаттық емес экспорттың негізгі қозғаушы күші болып табылатын шағын және орта бизнеске ерекше назар аударылады», — деді QazTrade басқарушы директоры Азамат Құсайынов экспорттаушылармен кездесуде.

«Сол себепті сіздерді осы үдерістің бір бөлігі болуға ғана емес, оны талқылауға белсенді қатысуға шақырамыз. Біз қазіргі таңда жаңа ережелер мен қолдау механизмдерін әзірлеу үстіндеміз және сіздердің пікірлеріңіз ескерілгенін қалаймыз. Бізге жазбаша немесе ауызша түрде хабарласыңыздар, ұсыныстарыңызды байланыс арналары арқылы жолдаңыздар. Сіздердің кері байланыстарыңыз жүйені жақсартуға және оны мүмкіндігінше ыңғайлы әрі тиімді етуге көмектесетініне сенімдіміз. Бұған қоса, жақын арада кездесулер мен талқылаулар өткіземіз, оған сіздер міндетті түрде шақырыласыздар. Біздің мақсатымыз — тек шығындарды өтеу емес, бизнесіңіздің дамуына тұрақты негіз құру», — деді Азамат Құсайынов экспорттаушыларға.

TSARKA қолдауымен