Қазақстандық финтех-стартап Supernova Challenge 2025 байқауының жеңімпаздарының бірі атанды

Қазақстандық финтех-стартап Supernova Challenge 2025 байқауының жеңімпаздарының бірі атанды

Қазақстандық финтех-стартап Investbanq Сингапурде өткен Gitex Asia аясындағы беделді Supernova Challenge 2025 байқауының жеңімпаздарының бірі атанды. Бұл жеңіс компанияның жоғары технологиялық әлеуетін дәлелдеп қана қоймай, халықаралық серіктестермен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашты.

Жаңа буындағы капиталды басқаруға арналған AI-платформаны ұсынатын Investbanq жүздеген стартаптың арасынан озып шығып, жасанды интеллект арқылы активтерді басқаруға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін бірегей мүмкіндіктерін көрсетті. Investbanq платформасы отбасылық кеңселерге, активтерді басқару компанияларына және банктерге арналған инновациялық шешімдерді ұсынып, миллениалдар мен цифрлық буынға бағытталған өсіп келе жатқан капитал нарығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға көмектеседі.

“Біздің еңбегіміздің осындай беделді халықаралық платформада — Gitex Asia-да мойындалғанына қуаныштымыз. Supernova Challenge секілді әлемдегі ең ірі стартап байқауларының бірінде жеңіске жету — біздің технологияларымыздың жоғары бағалануы ғана емес, сонымен қатар инвесторларға біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсететін белгі,” — деп атап өтті Олжас Жиенқұл, Investbanq компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры.

Investbanq өз көкжиегін кеңейтуді жалғастырып, жаһандық нарыққа шығуға ұмтылуда. WealthTech, жасанды интеллект, аналитика және дербестендірілген ұсыныстар саласындағы озық шешімдері арқасында компания қаржы институттарына цифрлық трансформация жағдайында бейімделуге көмектесіп, активтер мен инвестициялық портфельдерді тиімді басқаруға арналған инновациялық құралдарды ұсынады.

Платформаның негізгі ерекшеліктері:

  • әртүрлі банктік және брокерлік жүйелермен интеграциялау,
  • AI негізіндегі талдау және болжау мүмкіндіктері,
  • капиталды басқарудың икемді әрі ауқымды бұлтты шешімдерін ұсыну.

Болашақ жоспарлар:

Қазіргі уақытта Investbanq цифрлық активтерді басқару мүмкіндіктерін кеңейтуге, тәуекелдерді белсенді басқаруға арналған жаңа AI-шешімдерді әзірлеуге және қаржы институттарына арналған платформаны жетілдіруге баса назар аударып отыр.

Gitex Asia және Supernova Challenge туралы:

Gitex Asia — әлемдегі ең ірі технологиялар мен инновацияларға арналған көрмелер мен форумдардың бірі, онда бүкіл әлемнің стартаптары мен компаниялары өздерінің озық шешімдерін ұсынады. Supernova Challenge — үздік стартаптар инвестициялар мен аудиторияның мойындауы үшін бәсекелесетін ірі әрі беделді халықаралық байқау, мұнда қатысушылар өздерінің инновациялары мен өсу әлеуетін көрсетеді.

TSARKA қолдауымен