Қазақстандық IT: қазақ тілінде білім беру мәселелері және мүмкіндіктері

Қазақстандық IT: қазақ тілінде білім беру мәселелері және мүмкіндіктері

Қазақстандағы IT саласы жылдам дамып келе жатқан секторлардың бірі. Соңғы жылдары IT-деңгейін көтеру және жастарды осы салада біліммен қамтамасыз ету мақсатында көптеген академиялар мен мектептер құрылып келеді.

Соның арқасында ІТ саласын меңгеру үшін 3-4 жылдап университет қабырғасында білім алудың қажеттілігі жоқ, небәрі жарты жылдың ішінде толыққанды білім алуға болады.

ІТ-дегі жағдай бізді қуантады, бірақ бұл саладағы қазақ тілінің орны мен өзектілігі жайлы не білеміз? Қазақ тіліндегі IT білімінің қазіргі жағдайы қандай екенін зерттеп көрдік.

Қазақ тіліндегі IT білім жайлы не білеміз?

ІТ бағыты жан-жақты дамып келе жатқанына қарамастан қазақ тілінде оқытатын арнайы IT бағдарламалар саны әлі де аз. Қазақ тілінде сапалы оқу материалдарының аздығы негізгі проблемалардың бірі.

Көптеген оқулықтар, әдістемелік құралдар және онлайн ресурстар тек орыс және ағылшын тілдерінде қол жетімді. Көптеген терминдер мен ұғымдар қазақ тілінде әлі де орнықпаған немесе толық аударылмаған, сонымен қатар тәжірибелі мамандардың аздығы оқу барысында біршама қиындықтар туғызады.

Дегенмен, соңғы бірнеше жылда онлайн платформалар арқылы қазақ тілінде IT білімін ұсынатын курстар саны артты. Соның бірі және бірегейі “Upstars.kz” жобасы. Жобаның ерекшелігі

Қазақстанның барлық дерлік аймақтарын қамтуында.Олар тек IT бағытында білім беріп қоймай, сонымен қатар қазақстандықтардың халықаралық фриланс биржаларына кіруі үшін мансаптық акселератор ретінде жұмыс жасайды десе де болады.

Қысқаша айтқанада фриланс арқылы Қазақстандағы орда тап деңгейін көтеру, бұл өз кезегінде елдегі экономика жағдайын көтермек.

Осыған орай, Upstars.kz жобаның негізін қалаушысы, ең үлкен халықаралық Upwork.com платформасында екі рет жоғары рейтинг мәртебесін алған жалғыз қазақстандық маман Азат Есеннің пікірін сұрадық.

“Біз меценаттардың қолдауымен Upstars.kz жобасын іске қостық. Жоба экспортқа бағытталғандықтан, оның аймақтардағы қазақ тілді қатысушылары ағылшын тілінде сөйлейді. Ал ағылшын тілінде қолданылғанда біз көп IT терминдерін аудармаймыз. IT саласындағы көптеген терминдер мен ұғымдар қазақ тілінде әлі де орнықпаған немесе толық аударылмаған, оқу барысында бұл жағдай қиындық туғызуы мүмкін. 

Менің тәжірибемде әдебиет пен кең көлемдегі терминологияны қазақ тіліне аударғанша, біздің қазақтілді тұрғындарға техникалық ағылшын тілін үйрету оңайырақ. Оның үстіне, IT-әдебиеттер тез ескіреді және барлық терминдерге ілесе алмайсың.

Цифрландырудың қарқынды даму алған кезеңінде көштен қалмас үшін ІТ саласын меңгерген жөн. Жалпы өзге мамандық иелеріне IT бағытына өтуге жақсы мүмкіндіктер бар. Егер сізде логикалық және математикалық ойлау дамыған болса, онда сізге бағдарламалау сәйкес келеді.

Ал егерде гуманитарлық ғылымдар жақын болса, онда өзіңізді team-менеджментінде және HR IT саласында сынап көре аласыз. Егерде сіз шығармашылық адам болсаңыз, онда сіз әрқашан UI/UX-дизайнында өз орныңызды табасыз. IT пәніне де мұғалімдер керек.

Сіздің белгілі бір салада біліміңіз бен тәжірибеңіз болса,  IT-ді өз салаңыздың мықты маманы болуда пайдаланғаныңыз тиімді шешім болады. Мысал келтірейін: деректерді талдау курстарымның бірінде мен гидротехнолог ретінде оқыдым.

Әртүрлі АТ құралдарын пайдалана отырып, студент ретінде жаңа дағдыны өз зерттеулерімде қолдандым. Жұмыс еліміздегі су тасқынының себептерін талдауға қатысты болды. АТ-ны меңгергеннен кейін сіз әлдеқайда тиімді жұмыс істей аласыз немесе өз жұмысыңыздың аясында негізінен орындау мүмкін емес нәрселерді жасай бастайсыз.

SQL дағдыларын меңгерген маркетолог супер маркетологқа айналатын басқа мысалдар бар. Қорытындылай келе, егер сіз өз мамандығыңыздан «IT саласына ауысқыңыз» келсе, бірінші қадам – өз мамандығыңызда қалу, бірақ IT дағдыларымен кәсібилікті шыңдау. Осылайша сіз IT саласындағы «жаңадан келген» емес, өз салаңыздағы бәсекеге қабілетті сарапшы бола аласыз.

Қазақстандық ІТ академияларды қайдан табамыз

Қазақстанда ІТ саласында қызмет көрсететін компаниялар өздерінің ІТ академияларын ашып, жас кадрларды дайындаумен айналысады. Бұл бағытта сәтті тәжірибесі бар “Sergek Group”  компаниясының продакт менеджері Даурен Ахметовпен хабарласып, ІТ бағытындағы білім берудегі қазақ тілі жайлы сұрадық.

“Бірнеше жыл бұрын  “Jumysbar” онлайн мамандықтар мектебінде жұмыс істеген кезде біз қазақ тіліндегі IT курстарын іске қосуға тырыстық. Маркетинг және жарнамаға инвестиция салдық, курстарға өтінімдер алдық. Алайда, нәтиже бойынша, қазақ тіліндегі курстарға деген сұраныс күтулерімізбен сәйкес келмеді. Себебі, қазақ тіліндегі аудитория IT курстарын қазақ тілінде сатып алуға және оқуға дайын болмай шықты. Өтінім берген және IT саласына қызығушылық танытқан адамдар қазақ тілінде сөйлескенмен, оқуды және білім алуды көбінесе орыс тілінде жүргізуге әдеттенген.

Бүгінде “Sergek Academy” оқу бағдарламасында қазақ тілі қарастырылмаған. IT саласында ағылшын тілі басты тілдердің бірі, сондықтан көптеген оқу материалдарының басым бөлігі ағылшын тілінде ұсынылады. Қазақ тілінде сапалы оқыту материалдарының жетіспеушілігі біраз қиындық туғызады.

Дегенмен, біз Сергек Академияда қазақ тіліндегі оқу бағдарламаларын енгізу жоспарын қарастырамыз. Болашақта бұл бағыттағы сұранысты арттыру үшін қазақ тіліндегі IT курстарын кеңінен насихаттау, сапалы қазақ тіліндегі материалдарды әзірлеу және қолдау көрсету шараларын күшейтуіміз қажет.

Бұл біздің академиямыздың оқыту сапасын арттырып, қазақ тілінде білім алуды қалайтын студенттерге үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қазақ тілінде IT саласында кәсіби терминологияны қалыптастыруға көмектеседі”.

ІТ бағытында білім алу көп қаражатты қажет ете ме?

“ІТ саласының маманы болуға гранттар ұсынатын жобалар мен платформалар бар. Мысалы Tech Orda бағдарламасы арқылы әртүрлі IT-мамандықтар бойынша оқуға мүмкіндік бар. Ашып айтатын болсақ, бағдарлама 18-45 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарына арналған және жыл сайын 3 мыңнан астам IT мамандарды дайындауды көздейді.

Бағдарлама аясында әрбір студент 600 000 теңгеге дейін грант (квота, ваучер) ала алады, бұл қаражатты аккредиттелген жеке мектептерде IT мамандықтарын оқуға пайдалануға болады.

Tech Orda бағдарламасы арқылы IT саласында білім алуға және кәсіби маман болуға жол ашылады. Бағдарлама нәтижесінде 2022 және 2023 жылдары 91 мектеп 6251 студентті оқытты, оның 87%-ы табысты жұмысқа орналасты. Олардың орташа жалақысы шамамен 500 000 теңгені құрады, ал жұмысқа орналасқан компаниялар қатарында Sergek Group, Kaspi, Halyk Bank, KPMG, Ernst&Young, Тенгизшевройл, КазМунайГаз, Freedom Finance, Kcell, Air Astana, Kolesa Group және басқа да ірі компаниялар бар.

Бұл бағдарламаның қолдауымен IT саласына өту әлдеқайда жеңіл және тиімді болатыны анық. Ең бастысы – ниет пен өздігінен үйрену қабілеті”, - деп бөлісті Даурен Ахметов.

Қазақ тілді IT мамандарының еңбек нарығындағы жағдайы

Жоғары деңгейдегі қазақтілді мамандардың шоғырлануы еліміздің батыс өңірлерінде екен. Қазақстандағы қазақ тілінде білім алған IT мамандарының еңбек нарығы әрқашан сұранысқа ие. Жұмыс берушілер көп жағдайда тәжірибелі бағдарламашылар, дерек талдаушылары және киберқауіпсіздік мамандарына мұқтаж.

Алайда, тілдік мәселелер мен терминологиялық кедергілер көп жағдайда жұмысқа орналасуға әсер етуі мүмкін. Талаптыға нұр жауар демекші мықты маманға сұраныс үнемі бар екені сөзсіз.

 TSARKA қолдауымен