Қазақстандық «Малай» фильмі — наурыз айының басты отбасылық хиті

Қазақ көрермені отандық «Малай» комедиясын екі апта қатарынан кинотеатрлардан үзбей тамашалауда. Наурыз мерекесі күндері бұл фильм елдің әр өңіріндегі кинозалдарда аншлагпен көрсетілді.
Картинаның сәтті шығуына басты себеп – ұлттық болмысты заманауи әрі баршаға түсінікті тақырыппен шебер үйлестіре алғаны. Қазақтың әуені, киім үлгілері мен салт-дәстүрін көрермен жылы қабылдады, ал туындының жанұялық форматта ұсынылуы оны түрлі буын өкілдеріне жақын ете түсті. Фильмнің бас продюсері Бексұлтан Қазыбектің айтуынша, көрермен тек қызығушылық танытып қана қоймай, қызығушылығын үдете түскен.
Оң пікір тек көрермендердің ғана емес, кәсіби сыншылар тарапынан да айтылып жатыр. Киносыншылар «Малайдың» күлкі сыйлауымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселені де көтеріп отырғанын атап өтті. Мұндай әсерді комедия мен әлеуметтік сатираның үйлесімі туғызған.
Жас актерлер мен танымал блогерлер ойнаған басты рөлдерді режиссер Ернар Нұрғалиев үйлестіріп шыққан. Ол «Жаным, ты не поверишь», «Келінжан», «Жездуха» сынды жобаларымен танылған. Бұл жолы көрермен Жеңіс Омаров (Zheka Fatbelly), Аида Құрманғалиева, Хамит Ердеханов, Ермек Шынболатов пен Сабина Мовлаеваның ойынын көре алады. Сонымен қатар, тәжірибелі актерлер Дулыға Ақмолда, Лаура Мырзахметова мен Жандарбек Садырбаев та фильмге қатысқан.
Фильмнің танымалдығы тек кассалық табыспен қана емес, түсірілім тобына деген ерекше қызығушылықпен де көрінеді. Промо-тур аясында түсірілім ұжымы еліміздің бірнеше қаласын аралап, Алматы, Астана, Шымкент, Тараз және Өскеменде көрермендермен кездесті. Әр қалада оларды жылы қарсы алған жұрт әсерлерімен бөлісіп, әсерлі сәттерін талқылады. Түсірілім тобы сұрақтарға жауап беріп, естелік суреттерге түсіп, қызықты жайттарды әңгімеледі.
Көрермен ықыласы, толы залдар мен жоғары кассалық көрсеткіштер «Малайды» наурыздың ең танымал отбасылық фильміне айналдырды. Unico компаниясы мен «Қазақфильм» киностудиясының бірлесіп жасаған бұл туындысы 13 наурыздан бастап үлкен экрандарда көрсетіліп жатыр. Көріп үлгеріңіз!