Қазақстандық педагогтер аттестациядан автоматтандырылған форматта өтетін болады

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда педагогтердің кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіруге арналған «Ұстаз» Ұлттық платформасы іске қосылады. Бұл жүйе аттестациялау үдерісін автоматтандырып, оны барынша ашық етеді.
Бірінші кезеңде платформа «педагог-модератор» және «педагог-эксперт» санатына үміткер педагогтерді аттестациядан өткізу үшін пайдаланылады.
Әрбір педагогке жеке кабинет ашылып, онда сабақ нәтижелері, оқушылардың үлгерімі, кәсіби жетістіктері мен педагогикалық қауымдастықтағы белсенділігі тіркеледі.
«Автоматтандыру педагогтерді бағалаудағы субъективтілікті жояды және олардың кәсіби дамуын ашық түрде бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе педагогтердің қызметін талдап, оқыту әдістемесін жетілдіруге жағдай жасап, сабақтарға бақылау жүргізу рәсімін жеңілдетеді», – деп атап өтті ведомствода.
Күтілгендей, 2025 жылы «Ұстаз» платформасы арқылы шамамен 150 мың қазақстандық педагог аттестациядан өтеді.