Қазақстандық pwron.ai BI Group-тың технологиялық серіктесі атанып, АҚШ нарығына шықты

Қазақстандық pwron.ai BI Group-тың технологиялық серіктесі атанып, АҚШ нарығына шықты

Кремний алқабындағы Hero Training бағдарламасының түлегі, отандық pwron.ai стартапы АҚШ нарығындағы алғашқы жобасын BI Group девелоперлік компаниясымен бірлесіп бастады. Жоба аясында Майами мен Хьюстон қалаларында жаңа тұрғын үй кешендерін іске қосу кезінде тұтынушылардың қажеттіліктерін зерттеу және кері байланыс жүйесін реттеу жұмыстары жүргізіледі.

BI Group-пен серіктестік pwron.ai үшін америкалық нарықтағы алғашқы ауқымды кейс болмақ. Команда жергілікті нарықтағы үрдістерді талдап, сатып алушылардың қалауын зерттеп, сату воронкасының барлық кезеңінде клиенттермен тиімді коммуникация жүйесін құрады. Бұл тәжірибе өнімді жаңа аудиторияның талабына бейімдеуге және жоғары бәсекелестік жағдайында оны сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Astana Hub пен Draper University бірлесіп ұйымдастырған Hero Training бағдарламасы команда үшін жаңа серпіліс нүктесіне айналды. Бағдарламаға қатысу стратегияны қайта қарауға, мақсатты аудиторияның негізгі сегменттеріне шоғырлануға көмектесті. Нәтижесінде клиент сұранысына нақтырақ жауап беретін және халықаралық нарықтарға масштабтауға дайын өнімнің жаңа нұсқасы жасалды.

«Hero Training-тен кейін біз өнімді қайта құрып, оны модульдік және клиенттің нақты міндеттеріне бағытталған етіп жасадық. Клиенттерімізге құралдар жиынтығы емес, кері байланысқа жедел әрекет етіп, өсу нүктелерін табуға көмектесетін жүйе керек. Біз дәл осыны ұсынамыз», – дейді pwron.ai компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Таня Плотникова.

pwron.ai бизнес басқарушыларына клиенттердің пікірлерін, брендтің аталуын, бәсекелестердің әрекеттерін және нарықтық трендтерді бақылауға көмектеседі. Платформа деректерді жинау мен талдауды бір интерфейсте біріктіріп, көптілді сауалнамаларды, геймификация элементтерін және жауаптарды автоматты түрде бағыттауды жүзеге асырады. Бұл халықаралық нарықта жұмыс істегенде аса маңызды болып саналады.

Қазір команда холдингтер үшін басқарылатын қолжетімділік жүйесін, жасанды интеллект негізіндегі кеңейтілген бәсекелестік аналитикасын және жаңа жобаны небәрі 15 минутта бастауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған зерттеу жүйесін іске қосуға дайындалып жатыр. Негізгі нарықтар ретінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдері қала бермек. Алайда, тамыз айының соңында АҚШ пен MENA елдерінде тестілеу режиміндегі кампаниялар басталады.

TSARKA қолдауымен