Қазақстандық RE:CREATE AI стартапы үш ай ішінде $150 000 инвестиция тартып, 20 000 пайдаланушы жинады

Қазақстандық RE:CREATE AI жобасы Activate VC және Jas Ventures қорларынан $150 000 көлемінде инвестиция тартты. Стартап – Astana Hub ұйымдастырған AI’preneurs акселератор бағдарламасының алғашқы легінің түлегі.
RE:CREATE AI – Instagram, TikTok және YouTube платформаларына арналған трендтер мен сценарийлерді табуға көмектесетін жасанды интеллектке негізделген сервис. Ол сарапшыларға, кәсіпкерлер мен шағын бизнес иелеріне көп қаралым мен қолдау жинаған сәтті контентті тауып, оны бейімдеп қайта жасауға мүмкіндік береді. Қолданушы өз тақырыбына сай дайын идеялар топтамасын алып, уақыт пен ресурсын едәуір үнемдейді.
Жоба қазіргі күйіне жетпей тұрып айтарлықтай өзгерістерден өткен. Алғашында команда видео сценарийлерді автоматты түрде бөліп алып, оларды бейімдейтін құрал әзірлепті. Алайда қолданушылар кері байланыс беріп, дайын идеялар аса қажет екенін атаған. Осылайша, RE:CREATE AI трендтер бойынша іздеу жүйесіне айналды.
AI’preneurs бағдарламасына қатысу стартапқа тың серпін сыйлады. Бағдарламаға дейін командада тек MVP (минималды өміршең өнім) нұсқасы ғана болып, оны жоба негізін қалаушы Зәкіржан Айсабаев әлеуметтік желілердегі жеке блогын дамыту үшін пайдаланған. Бағдарлама аясында команда ондаған қолданушымен сұхбат өткізіп, АҚШ-та заңды тұлға тіркеді, ақылы жазылымдарды сынап көрді және алғашқы тұрақты сатылымдары мен 10 000-нан астам қолданушысы бар post-MVP кезеңіне шықты.
«AI’preneurs-ке дейін мен сервистерді код үшін жасасам, енді клиент үшін жасаймын. Бағдарлама маған сату, бизнес-модель құру және қиындықтарға төтеп беруді үйретті. Мен соло-бағдарламашыдан инвестиция тарта алатын стартап негізін қалаушыға айналдым. Физикалық және моральдық күйзеліс болған сәттер де болды, бірақ дәл сол кезде мен функционалдан гөрі құндылық маңызды екенін түсіндім. Кейін алғаш рет жылдық жазылымды сатып, дұрыс бағытта келе жатқанымызға көзім жетті», – дейді Зәкіржан Айсабаев, RE:CREATE AI негізін қалаушы.
Акселерация аяқталған соң RE:CREATE AI Activate VC ұйымдастырған Clash of Startups стартап-баттлында үшінші орынды иеленді. Бұл инвесторлардың назарын аударды. Жобаның қолданушылары екі ай ішінде 10 000-нан асып кеткенде, олар стартапқа қаржы құю шешімін қабылдады.
Тартылған қаржы өнімді әзірлеу тобын кеңейтуге, мобильді қосымшаны іске қосуға, жасанды интеллект үлгілерін жетілдіруге және маркетингті масштабтауға жұмсалады.