Қазақстандық әскери қызметшілер ұлттық Aitu мессенджеріне көшуде

Қазақстандық әскери қызметшілер ұлттық Aitu мессенджеріне көшуде

Қазақстан Қарулы Күштері қызметтік ақпарат алмасу үшін отандық Aitu мессенджерін кезең-кезеңімен пайдалануға көшеді. Мұндай шешім ел Президентінің тапсырмасы бойынша ақпараттық қауіпсіздікті нығайту стратегиясы аясында қабылданғанын ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Бұған дейін деректер алмасу үшін шетелдік мессенджерлер жиі қолданылып келген, бұл өз кезегінде қызметтік ақпараттың сыртқа шығу қаупін тудырды. Қазақстан юрисдикциясындағы және деректерді сақтау мен өңдеу талаптарына сәйкес келетін Aitu-ды қолдану ақпарат ағындарын толық бақылауға мүмкіндік береді.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов 2025 жылдың соңына дейін барлық әскери бөлімдерді отандық мессенджерге көшіруді тапсырды. Бұл процесс армияның ұйымдастырушылық-штаттық құрылымын және қолданыстағы байланыс арналарының ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілмек. Осылайша, көшу кезеңінде жүйелік іркілістердің болмауы қамтамасыз етіледі.

«Ұлттық IT-өнімдерді пайдалану – цифрлық егемендікті қорғауға бағытталған жаһандық тренд. Қарулы Күштердің Aitu-ға көшуі қызметтік деректердің сыртқа таралуын болдырмайды әрі қызметтік ақпаратты қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етеді», – деді Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев.

Мессенджерді кең ауқымды міндеттер үшін қолдану жоспарланып отыр: жедел деректер алмасудан бастап, жиналыстар өткізу мен бөлімшелердің іс-қимылдарын үйлестіруге дейін. Осылайша, Aitu-ға көшу қызметтік ақпаратты қорғау деңгейін арттырып қана қоймай, армия ішіндегі ішкі коммуникацияны да оңтайландырмақ.

TSARKA қолдауымен