Қазақстандық студенттер EuroSkills Herning 2025 байқауында 7 медаль жеңіп алды

Қазақстандық студенттер EuroSkills Herning 2025 байқауында 7 медаль жеңіп алды

Ұлттық құраманың тарихи жетістігі: Қазақстан студенттері Данияда өткен EuroSkills Herning 2025 IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионатында алғаш рет бірден 7 «Шеберлік медальонын» иеленді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Чемпионатқа 32 еуропалық елден 25 жасқа дейінгі шамамен 600 жас маман қатысты. Қазақстандық колледж студенттері веб-технологиялар, мехатроника, CAD инженерлік графикасы, желілік әкімшілендіру, графикалық дизайн, дәнекерлеу, мейрамхана сервисі, кондитерлік іс және автомеханика сияқты 25 құзырет бойынша бақ сынады.

Қазақстан атынан жеңімпаздар:

● Веб-технологиялар — Мұхаметжан Ағыбай (Астана, Astana Polytechnic Жоғары колледжі), ол сонымен қатар Қазақстанның үздік қатысушысы ретінде Best of Nation атағын алды.

● Мехатроника (командалық жұмыс) — Артём Мочинский (ШҚО, Өскемен Жоғары политехникалық колледжі) және Данил Турапин (Астана, Жоғары политехникалық колледж).

● Графикалық дизайн — Бағыжан Қойшыбаев (Ақтөбе, Жоғары политехникалық колледж).

● Желілік және жүйелік әкімшілендіру (командалық жұмыс) — Данил Лапенко (Астана, Жоғары политехникалық колледж түлегі) және Глеб Сауленко (Қостанай облысы, автокөлік колледжі түлегі).

● CAD инженерлік дизайны — Бақдәулет Қуаныш (Атырау облысы, С. Мұкашев атындағы Жоғары политехникалық колледж).

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұлттық құраманы құттықтап, бұл жетістік Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің трансформациясын білдіретінін атап өтті.

EuroSkills – WorldSkills қозғалысы аясында өткізілетін Еуропадағы ең ірі жас мамандар жарысы. Оның мақсаты – кадрларды даярлаудың заманауи стандарттарын көрсету. Салыстыру үшін: 2023 жылы қазақстандық команда небәрі 2 медальон жеңіп алған еді.

TSARKA қолдауымен