Қазақстандық әзірленген ойын PlayStation, Xbox және ПК платформаларында шығарылады

Қазақстандық Rhinotales Studio – Astana Hub резидентіCritical Shift ойынын таныстырды. Бұл – кезең-кезеңімен жүретін тактикалық RPG триллері, жаһандық аудиторияға арналған жоба. Ойын биыл PC (Steam), Xbox және PlayStation-де қолжетімді болады.
Ойыншылар беделді агенттер тобын басқарып, Арктика мұзының астында орналасқан құпия зерттеу кешеніне аттанады. Мақсат – қауіпті құпияларды ашу, ішкі қайшылықтарды еңсеру және төніп тұратын қатер жағдайында аман қалу.
Әзірлеушілер кездейсоқ құбылыс болмайтынын атап өтті, нәтижеге тек ойыншының стратегиясы, жоспары мен шешімдері әсер етеді. Critical Shift ойынында қолмен жасалған 30-дан астам деңгей бар. Әр деңгей ерекше биомдар, бірнеше бағыт, тұзақтар мен бір-бірімен бақталас фракцияларды айламен пайдалану мүмкіндіктерін қамтиды.
Ойын сценариінің авторы – Guilty Three. Ол Shadow Slave атты веб-романымен оқырманға танылған. Бұл шығарма Webnovel платформасында ең көп оқылатын фантастикалық туындылардың қатарында және жиі әлемдік рейтингтерге енеді. Автор романдағы мазасыз атмосфера мен ішкі шиеленісті Critical Shift ойынына шебер түрде енгізіп, миллиондаған оқырманға таныс сезімдерді сақтап қалды. Ойынның оқиғасы миссиялар, диалогтар және ойыншы таңдауына негізделіп біртіндеп өрбиді.
Critical Shift – қазақстандық командалардың жергілікті шеңберден шығып, жаһандық аудиторияға арналған сапалы өнімдер жасап жатқанын айшықтайтын жарқын мысал. Мұндай жобалар отандық ойын индустриясының әлеуетін айқындайды және елдегі технологиялық экожүйенің даму деңгейін көрсетеді.