Қазақстандықтар америкалық PLATMA стартабына 500 мың доллар инвестиция құйды
Қазақстандық EA Group инвестициялық холдингі америкалық PLATMA стартабына 500 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Жоба кезеңін америкалық Almaz Capital инвестициялық қоры, Мұрат Абдрахманов, Tumar Venture Fund және бірқатар бизнес-инвесторлар мен қорлар қолдады. 20 млн долларға бағаланған компанияға жұмылдырылған инвестицияның жалпы қоры 2 млн долларды құрап отыр.
PLATMA – бағдарламалау машығы жоқ қолданушылар үшін бизнес-процестерді автоматтандыруға және бағдарламалық қосымшаларды жасауға арналған платформа. Бұл өнім кез келген бизнеске бағдарламашылар командасын жұмылдырмай-ақ жасанды интеллектің көмегімен цифрлық жобалар құруына мүмкіндік береді.
Бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан компанияның командалары Украинада, Кипрде, Португалияда, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) және басқа да елдерде жұмыс істейді. 2024 жылы PLATMA және PLATMA Academy кеңселері Қазақстанда да ашылды. Қазіргі таңда платформаға 10 мыңнан астам қолданушы тіркелген, бірнеше мыңдаған қосымша құрылды.
PLATMA Academy аясында қазақстандық компаниялармен әріптестік орнаған, олардың арасында Astana Hub, Fund Fusion, MOST BI және басқа да компаниялар бар. Платформа клиенттерінің қатарында БАӘ, Украина, Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Словения және басқа да мемлекеттердің компаниялары жұмыс істейді.
EA Group инвестициялық холдингі америкалық PLATMA стартабына қаржы жұмылдырудың pre-seed кезеңі аясында өзін негізгі инвестор ретінде көрсетті. EA Group бөлген инвестиция көлемі 500 мың АҚШ долларын құрап отыр. Осынша қаржыны америкалық Almaz Capital инвестициялық қоры да бөліп отыр.
«PLATMA жобасына бөлінген инвестиция біздің жаһандық әлеуеті бар заманауи технологияларды қолдауға бағытталған стратегиямызға толық сай келеді. PLATMA бағдарламалық қамтамасыз етуге деген көзқарасты едәуір өзгертіп, оны қолданушылардың кең тобына қолжетімді етеді деп сенеміз. Сонымен қатар, компанияның Қазақстанда жұмыс істеп, еліміздің ІТ саласының дамуына үлесін қосып жатқаны да бізді қуантады», – деді EA Group инвестициялық холдингінің СЕО Ерік Аубакиров.
PLATMA негізінен шағын және орта бизнеске баса назар аударып отыр, дегенмен, компания клиенттерінің арасында энтерпрайз және ІТ-интеграторлар да бар, олар осы сервисті қолдана отырып өз клиенттеріне арналған бизнес-процестерді тиімді цифрландыруда.
Жобаны эстониялық StartupWiseGuys, әзірбайжанның CAUCASUS VC және қазақстандық Tumar Venture Fund, ACTIVAT VC, MOST Ventures инвестициялық қорлары, Мұрат Абдрахманов бизнес-инвесторы және басқалар қолдады. 20 млн долларға бағаланған компанияға бұл кезеңде жұмылдырылған инвестицияның жалпы қоры 2 млн долларды құрап отыр. Бұл қаржы PLATMA технологиясының ары қарай дамуына, команданың кеңеюіне және жаңа нарықтарға шығуына бағытталмақ.
PLATMA туралы:
PLATMA – бағдарламалау машығы жоқ қолданушылар үшін бизнес-процестерді автоматтандыруға және бағдарламалық қосымшаларды жасауға арналған AI Extreme No-Code платформа. Бұл өнім кез келген бизнеске бағдарламашылар командасын жұмылдырмай-ақ жасанды интеллектің көмегімен цифрлық жобалар құруына мүмкіндік береді.