Қазақстандықтар басқа біреудің ЭЦҚ-сын пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылады

Енді жеке және заңды тұлғаларды жеке деректерді қорғау және электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тарту мерзімі екі айдан бір жылға дейін ұзартылады. Жаңа нормалар 2025 жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енді.
Сонымен қатар, жеке деректерді заңсыз жинау, өңдеу және оларды қорғау шараларын сақтамау арқылы ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 79-бабында көрсетілген заң бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл көлемі үш есеге ұлғайтылады. Бұған дейін айыппұл мөлшері 10-нан 1000 АЕК-ке дейін өзгеріп отырса, енді 30-дан 2000 АЕК-ке дейін өседі.
Бұған қоса, ҚР ӘҚБтК-нің 640-бабына сәйкес, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнаманы бұзу үшін жаңа әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Яғни, басқа адамның ЭЦҚ-сын пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Бұрын ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға заңсыз беру және тіркеу куәлігінің иесі оны қорғау шараларын қабылдамағаны үшін ғана әкімшілік жауапкершілік қарастырылған болатын. Енді ЭЦҚ-ны заңсыз берген адам да, оны пайдаланған адам да жауапкершілікке тартылады.
Бұл өзгерістер азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуге, электрондық цифрлық қолтаңбаны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге және ЭЦҚ-мен байланысты алаяқтық әрекеттердің санын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ, бұл шаралар ақпараттандыру саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті арттыруды көздейді.