Қазақстандықтар жасанды интеллектті үйренгісі келеді: eGov Mobile сауалнамасының нәтижелері

Қазақстандықтар жасанды интеллектті үйренгісі келеді: eGov Mobile сауалнамасының нәтижелері

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2025 жылғы 3–9 наурыз аралығында eGov Mobile мобильді қосымшасында өткен жасанды интеллектті (ЖИ) қолдану жөніндегі сауалнаманың қорытындыларын шығарды.

Бір апта ішінде өткен сауалнамаға ел бойынша 53 мыңнан астам қазақстандық қатысты, және нәтижелер көрсеткендей, халық жасанды интеллектті белсенді пайдаланып қана қоймай, оны үйренуге де ұмтылады.

79% респондент ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге ниетті, өйткені оны болашақтың маңызды құралы деп санайды. Сонымен қатар, 65% қазақстандық жасанды интеллектті күнделікті өмірде пайдаланады, ал қалған 35% оны кәсіби қызметінде қолданады.

ЖИ-дің күнделікті тапсырмаларды алмастыру мүмкіндігі туралы сұраққа 47% қатысушы адам бақылауының әлі де қажет екенін айтты. 29% жұмыс орындарының қысқару ықтималдығына алаңдаушылық білдірсе, 22% технологиялар адамдарға күрделірек міндеттерге көңіл бөлуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Сауалнама азаматтардың цифрлық сауаттылық деңгейін де анықтады. 22% респондент ЖИ-ді жақсы түсінетінін көрсетсе, 43% ол туралы білсе де, сирек қолданатынын, ал 34% бұл технология туралы мүлде білмейтінін мәлімдеді.

Сауалнамаға ең белсенді қатысқан 30–45 жас аралығындағы азаматтар, олар қатысушылардың 48%-ын құрады.

Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин қоғамның ЖИ-ға деген жоғары қызығушылығы цифрлық оқытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті:

“Біз қоғамның цифрлық дағдыларды үйренуге деген үлкен сұранысын байқап отырмыз, және бұл – дамуға керемет мүмкіндік. Министрлік қазақстандықтардың жасанды интеллект технологияларын меңгеруіне көмектесетін қолжетімді білім беру бағдарламаларын әзірлеуді жалғастырады. Сауалнама нәтижелері өмірді ыңғайлы әрі тиімді ететін цифрлық шешімдерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған жаңа бастамалар үшін негіз болады.”

TSARKA қолдауымен