Қазақстанның 100-ден астам ауылына FWA технологиясы арқылы интернет қолжетімді болады
FWA (фиксирленген сымсыз қатынас) технологиясы аясындағы пилоттық жоба шеңберінде Қазақстанның 100-ден астам ауылына жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болады. Алғашқы қатысушылардың бірі ретінде Алматы облысындағы Сарыбай би ауылы аталып, оның тұрғындары жаңа технологияның артықшылықтарын сезініп үлгерді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сарыбай би ауылына барып, технологияның жұмысын жеке бағалап, оның маңыздылығын ауыл тұрғындарымен талқылады. Бұған дейін ауылда интернет ескі ADSL технологиясы арқылы қамтамасыз етіліп, бұл жылдамдық пен байланыс сапасын шектейтін. FWA іске қосылғаннан кейін деректерді беру жылдамдығы 200–300 Мбит/с-қа дейін өсті, бұл пайдаланушылар саны көбейсе де тұрақты байланыс береді.
Ауылдағы 105 үй жаңа технологияға қосылған, ал тұрғындар белсенді түрде қосылуға өтінім беруде. Министр Жаслан Мәдиев былай деп атап өтті:
«Менің ойымша, бұл технологияның басты артықшылығы – оптикалық желіні жүргізу секілді қымбат жұмыстарсыз, тұрақты және жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз ету мүмкіндігі. Бұл Қазақстанның ауылдарын цифрландырудың жаңа тәсілі, және біз бүгін Сарыбай би ауылының мысалында FWA технологиясының 5G негізіндегі мүмкіндіктері мен болашағын көрдік. Енді осы ауылдың және болашақта басқа да елді мекендердің тұрғындары заманауи сервистер мен онлайн қызметтерді пайдалана алады деп үміттенемін».
2025 жылға арналған жоспарлар
Технологияны әзірлеу және енгізу «Қазақтелекомның» еншілес компаниясы – «Ауылтелеком» арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта FWA 7 ауылда орнатылып, 200-ден астам үй шаруашылығын қамтып отыр. Келесі жылы жоба 100-ден астам ауылға кеңейтіліп, 10 000 ауыл тұрғынын интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин былай деді:
«Біз еншілес ұйымдардың бірінің жұмысын ауылдық жерлерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағыттадық. Қазір «Ауылтелеком» оңтайлы технологияларды анықтап, ауыл тұрғындарын сапалы интернетке қосу үшін жұмыс жасауда. Сарыбай би ауылында жүргізілген тестілеу FWA сынды заманауи сымсыз технологиялар ауылдық жерлерде жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мәселелерін тиімді шеше алатынын көрсетіп отыр».