Kcell-ге жаңа бас директор тағайындалды
Kcell ұялы байланыс операторы басшылығында кадрлық өзгерістер болды. Асқар Жамбакин компанияның бас директоры болып тағайындалды.
Бүгін директорлар кеңесінің шешімімен компанияның басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры қызметіне Асқар Жамбакиннің тағайындалғаны белгілі болды.
Бұған дейін Kcell-ді Асхат Өзбеков басқарған болатын. Ол компанияны 2022 жылдың 11 мамырынан бастап екі жыл басқарды. Бүгін «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин жаңа басшылыққа сәттілік тілеп, Асхат Өзбековтің атқарған жұмысына оң баға берді.
Айта кетейік, Асқар Жамбакин цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және байланыс саласындағы негізгі мамандардың бірі болып саналады.
Асқар Жамбакин қызмет жолын «Эйр Қазақстан» әуекомпаниясында байланыс технигі болып бастаған. Ол «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-де, «HSBC Қазақстан банкінде», «Beintech» ЖШС-те, «Qazkom» АҚ-да, «Қазақстанның Даму банкінде» басшылық қызметтерде болды.
Ал кеше ол цифрлық даму вице-министрі қызметінен босатылған еді.
TSARKA қолдауымен