Хакерлер Қазақстанға шабуыл жасап жатыр: киберқылмыстар саны екі есеге жуық өсті

Хакерлер Қазақстанға шабуыл жасап жатыр: киберқылмыстар саны екі есеге жуық өсті

Қазақстанда ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстар саны қарқынды артып келеді. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың он айында Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде 201 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген — бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 86,1% көп.

Қазақстан халықаралық хакерлік істе аталды

Жуырда ел тағы да киберқылмысқа қатысты халықаралық дау орталығында болды. The Straits Times мәліметінше, Сингапурда Қытайдың үш азаматы сотталды — олардың компьютерлерінен Қазақстанның құпия құжаттары, соның ішінде СІМ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қызметкерлерінің хат алмасуы табылған.

Олардың ноутбуктарынан күрделі қашықтан қол жеткізу құралдары мен зиянды бағдарламалар анықталды.

Оқиға былтыр күзде орын алған, ал 2025 жылдың қарашасында айыпталушылар екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Қазақстан киберқылмыспен күрес шараларын күшейтуде

Қазан айының соңында ҚР ІІМ өкілдері Вьетнамда БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қойды. Бұл Қазақстанға трансшекаралық істерді тергеу кезінде басқа мемлекеттермен жедел әрекеттесуге мүмкіндік береді.

ІІМ және салалық ведомстволар да киберполицияның мүмкіндіктерін күшейтуде, себебі цифрлық құқықбұзушылықтар саны үздіксіз өсіп келеді.

Ең жиі жасалатын киберқылмыстар

Ең кең таралған түрлері:

• ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту;

• орналасқан жерді жасыру үшін абонент құрылғысының кодын өзгерту;

• ақпаратқа заңсыз қол жеткізу және зиянды бағдарламаларды тарату.

Тек биылдың он айында:

• деректерді өзгерту немесе жою фактілері 61,7%-ға артты;

• құрылғы кодын өзгерту фактілері 6,1 есе көбейді.

Киберқылмыстардың ең көп тіркелген өңірлері:

Алматы (39 жағдай) және Астана (35 жағдай).

Сондай-ақ антилидерлер қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент бар.

Кибершабуылдарды кімдер жасайды

Прокуратура деректері бойынша, қылмыстардың 62%-ын жұмыссыздар жасайды. Көбіне — жасы 21–39 аралығындағы, жоғары немесе арнаулы орта білімі бар ер адамдар.

Қызығы, хакерлер арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар: 2025 жылы төрт жағдай тіркелген — үшеуі зиянды БҚ жасаумен және таратумен, бірі ақпаратты жоюмен айналысқан.

Жасөспірімдер киберқылмыстарда өте сирек кездеседі: соңғы жылдары тек бір жағдай (2021 жылы) тіркелген.

Әйелдер жалпы хакерлердің шамамен 6%-ын құрайды.

TSARKA қолдауымен