Киберапашка – бұл егде жастағы адамдарға арналған нұсқаулық
Технология күн санап қарыштап дамыған сайын интернет қолданушыларының саны да соғұрлым артып келеді. Алайда, бұл егде жастағы адамдар үшін оңай болмай тұр. Биылғы жылдың алғашқы үш айында ғана Қазақстанда 12 мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 42,2 пайызы интернет-алаяқтықпен байланысты.
Айта кетейік, қылмыстың бұл түрінен зардап шеккендердің саны 12,6 мың адамды құраған. Оның 6,3 мыңы 40 жастан асқандар екен. Өкініштісі, тек өткен жылдың өзінде 2 160 фишингтік шабуыл тіркелген.
Мәселенің ауқымды екені айтпаса да түсінікті шығар. Сондықтан егде жастағы азаматтардың киберсауаттылығын арттыру мақсатында bluescreen.kz техно-медиасы QazCloud-пен бірігіп «Киберапашка» жобасын іске қосты.
Бұл жобада біз қарапайым әрі түсінікті түрде адамның интернетте өз-өзін қалай ұстау керектігін үйретеміз. Оның ішінде алаяқтардан қорғанудың, оларды қалай танудың және олардың құрығына түспеудің жолдарын көрсетеміз.
«Киберапашка» сіздер үшін түрлі тақырыпты қозғайды. Мысалы: фишинг дегеніміз не?, вишниг-қоңыраулардан қалай сақтану керек?, жалған электронды хаттар, кибербулинг, өтірік сайттардағы онлайн-дүкендер, алаяқтар жіберетін сілтемелер және т.б.
Осы тақырыптарды көтеру арқылы біз егде жастағы адамдардың қауіпсіздігін сақтағымыз келеді және олардың алаяқтарға жем болмағанын қалаймыз.
Қауіпсіздігіңізге берік болғыңыз келсе, біздің Instagram парақшамызға жазылып қойыңыздар.