Кремний алқабынан Сингапурға дейін: қазақстандықтар жаһандық IT-хабтарды қалай құруда

Кремний алқабынан Сингапурға дейін: қазақстандықтар жаһандық IT-хабтарды қалай құруда

Наурыз мейрамы қарсаңында Astana Hub халықаралық технопаркі Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан стартаптарына жаңа мүмкіндіктер ашатын жаһандық IT-хабтар туралы сыр шертеді. Бұл хабтар инновациялық компанияларға стратегиялық серіктестер табуға, инвестиция тартуға және цифрлық шешімдерді шетел нарығына шығаруға қолдау көрсетеді.

Бүгінгі таңда АҚШ, Сингапур, Сауд Арабиясы және Ұлыбританияда төрт технологиялық хаб жұмыс істейді. Олар стартаптарға менторлық қолдау ұсынып, венчурлік қаржыландыруға қол жеткізуге және бизнесті ауқымдауға бағытталған білім беру бағдарламаларын ұсынады.

"Халықаралық IT-хабтар Орталық Еуразия стартаптарының жаһандық нарыққа шығуы үшін қуатты платформаға айналды. Шетелде отандастарымыз құрған жаһандық IT-хабтар 2024 жылдан бастап 200-ден астам стартапқа қолдау көрсетіп, 1 000-нан аса іс-шара ұйымдастырып, әлем бойынша 2 500 қатысушының басын қосты. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз IT-қызметтердің экспортын кеңейтумен қатар, инвестиция тартуға ықпал ететін инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз: 157 венчурлық капиталист шетелдегі хабтар желісіне назар аударып, 60-тан астам стратегиялық кездесу өтті. Бұл нәтижелер өңірдің технологияларына халықаралық аренада жоғары қызығушылық бар екенін дәлелдейді", – деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.

2023 жылы Әсет Абдуалиев (Қазақстан) пен Асрор Арабжанов (Өзбекстан) негізін қалаған Silkroad Innovation Hub Орталық Еуразия стартаптарын жаһандық нарыққа шығаруға арналған маңызды алаңға айналды. Хаб акселерациялық және білім беру бағдарламаларын іске қосып, өз құрылымындағы Silkroad Angel Club және Silkroad Venture Fund арқылы инвестициялар тартады. 

“Біз аймақтан тыс жерде Central Eurasia @ Silicon Valley 2024 атты алғашқы технологиялық конференцияны ұйымдастырып, жыл сайын Сан-Францискодағы әлемдегі ірі технологиялық іс-шаралардың бірі – TechCrunch Disrupt-қа қатысамыз. 2024 жылы біздің Silkroad стартап-аллеямыз бұрын-соңды болмаған ауқымға жетіп, оған төрт елден 24 стартап қатысты. Silkroad Innovation Hub Орталық Еуразия мен Кремний алқабы арасындағы негізгі байланыс көпіріне айналып келеді және біз кәсіпкерлеріміздің табысты болатынына сенеміз", – деді Әсет Абдуалиев, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы және бас директоры.

2024 жылдың наурыз айында Эр-Риядта Аслан Сұлтанов негізін қалаған Al-Farabi Innovation Hub Сауд Арабиясындағы алғашқы Орталық Азия IT-хабы ретінде жұмысын бастады. Ол Орталық Азия мен Кавказ кәсіпкерлерін Корольдік нарығына тартуға бағытталған. Хаб кешенді акселерациялық бағдарламалар мен құқықтық қолдау ұсынып, инвесторлармен және бизнес серіктестермен байланыс орнатуға көмектеседі. Plug and Play серіктестігімен жүзеге асқан Al-Farabi Scaleup бағдарламасы аясында 10 стартап оқудан өтіп, олардың үшеуі саудиялық инвесторлардан бастапқы инвестициялық міндеттемелер алды. Al-Farabi Innovation Hub сондай-ақ Saudi Vision 2030 стратегиясын жүзеге асыруға үлес қосып, жыл сайын 5 миллион АҚШ долларына дейін шетелдік инвестиция тартуды, аймақтан 30 стартапты нарыққа шығаруды және технологиялық жобалар арқылы цифрлық экономиканы дамытуға атсалысуды жоспарлап отыр.

Халықаралық хабтар экожүйесін толықтырған сингапурлық Nomadiq Innovation Hub стартаптарға инвестициялық қолдау көрсетіп, бұрын тек ірі корпорацияларға қолжетімді болған ресурстарға жол ашады. Олжас Жиенқұлов пен Талғат Қантаев негізін қалаған бұл хабтың басты жобаларының бірі – Scalerator, ол болашағы зор стартаптардың жылдам ауқымдануына бағытталған. Былтыр хаб алты стартапқа қолдау көрсетіп, оларға стратегиялық кеңес, қаржылық модельдеу және халықаралық байланыстар орнатуға көмек берді.

Лондонда Нұрдәулет Базылбеков негізін қалаған Eurasian Hub аймақтағы серіктестер мен Google, Antler және Nebius сияқты жаһандық компаниялардың қолдауымен жұмыс істейді. Бұл хаб стартаптардың негізін қалаушылар мен ТМД елдерінен шыққан IT-мамандарды біріктіреді. 2024 жылдың қазан айынан бері Eurasian Hub 40-тан астам іс-шара өткізіп, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Украина және АҚШ өкілдері қатысты. Жақында хаб базасында Eurasian Hub Ventures инвестициялық қоры іске қосылып, алғашқы қазақстандық стартап Y Combinator-ға қабылданды.

Халықаралық IT-хабтар стартаптарды дамытуға ғана емес, аймақтың мәдени дәстүрлерін қолдауға да үлес қосуда. Орталық Азия мамандарының диаспорасы жыл сайын Наурыз мерекесіне арналған кездесулер ұйымдастырады. 

"Біздің қауымдастық мүшелерін үшін мұндай мәдени шаралар ерекше маңызды. Былтыр Central Asians@Google қауымдастығымен бірге Наурыз мейрамын тойлап, дәстүрлі тағамдар әзірлеп, концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Осылайша, аймағымыздың мәдениетін өзгелерге танытуға тырысамыз", – дейді Silkroad Innovation Hub өкілдері.

Шетелдегі IT-хабтар өз қызметін кеңейтіп, Қазақстан мен аймақ стартаптарына жаһандық нарыққа шығу мен халықаралық қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл хабтар Орталық Еуразия мен әлемнің жетекші технологиялық орталықтары арасында сенімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар ұйымдастыратын іс-шаралар аймақтың мәдени мұрасын дәріптеп, ұлттық дәстүрлерді шетелдік ортада насихаттауға және шетелде жүрген мамандардың мәдени тамырынан ажырамауына ықпал етеді.

TSARKA қолдауымен