Құрылысқа үлестік қатысу электрондық форматқа ауыстырылады

Құрылысқа үлестік қатысу электрондық форматқа ауыстырылады

Мәжіліс «Құрылыс саласын және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелерін жетілдіруге бағытталған кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат негізгі өзгерістерді көздейді: процестерді цифрландыру, үлескерлердің қаражатын тарту ережелерін қатаңдату және құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды жеңілдету.

Электрондық шарттар мен бірыңғай есеп жүйесі

Негізгі жаңалықтардың бірі — үлестік қатысу туралы шарттарды (ҮҚШ) электрондық форматта жасау мүмкіндігі болады. Мұндай шарттардың есебі жергілікті атқарушы органдардың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар алдын ала шарттар, брондау және инвестициялау шарттары енді рұқсат етілмейді. Тек үлестік қатысу туралы шарт қана заңды болып саналады.

Құрылыс салушыларды бақылауды күшейту

Жаңа нормаларға сәйкес:

● Құрылыс салушылар үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз тарта алмайды.

● Үлескерлер қаражатын тартуға рұқсаты жоқ нысандарға жарнама жасауға тыйым салынады.

● ҮҚШ-де қаражат тартуға рұқсаттың нөмірі мен күні міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

● Құрылыс салушы құрған уәкілетті компаниялар арқылы үлескерлерден қолма-қол ақша қабылдауға тыйым салынады.

● Рұқсатсыз салынып жатқан нысандардағы пәтерлерге ипотекалық несие берілмейді.

Жаңа талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар көзделген:

● рұқсатсыз қаражат тартқаны үшін — 2 000 АЕК-ке дейін;

● үлестік тұрғын үйді заңсыз жарнамалағаны үшін — 1 000 АЕК-ке дейін.

Үлестік құрылыс бағдарламасына қатысушылар санын арттыру мақсатында құрылыс салушыларға қойылатын талаптар жеңілдетілді:

● жұмыс өтілі бойынша — 3 жылдан 2 жылға дейін;

● пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша:

— астана мен республикалық маңызы бар қалаларда — 18 мыңнан 10 мың ш.м.-ге дейін;

— басқа өңірлерде — 5 мың ш.м.-ге дейін.

Сонымен қатар, заңның қолданылу аясына аз қабатты құрылыс та енгізілді — бұл осы сегментті де құқықтық реттеумен қамтуға мүмкіндік береді.

Қабылданған өзгерістер үлестік құрылысқа қатысатын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бақылауды күшейтуге және ашықтықты арттыруға бағытталған.

TSARKA қолдауымен