Әлеуметтік төлемдерді цифрландыру Қазақстанға шамамен 290 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді

AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов әлеуметтік қолдау жүйесіндегі цифрландыру мен үдерістерді оңтайландырудың арқасында тиімсіз шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік болғанын атап өтті.
«Біз қазір Қазақстан халқының барлығын Цифрлық отбасы картасының көмегімен 6 санатқа бөлдік. Алтыншы санат — баспанасы, автокөлігі, жұмысы бар, бірақ соған қарамастан мемлекеттен әлеуметтік төлем алатын адамдар», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Қазір скорингтік жүйені енгізу бойынша пилоттық жоба Қарағанды мен Шымкентте жүзеге асырылып жатыр, кейін ол елдің барлық өңіріне таратылмақ.
«Осы жұмыстың нәтижесінде 2024 және 2025 жылдары біз 280 млрд-тан астам, яғни шамамен 290 млрд теңгені үнемдедік. Бұл негізінен жергілікті бюджеттердің қаржысы. Келер жылы біздің есебіміз бойынша тағы кемінде 165 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік болады. Бұл — басым бағыттарға жіберілетін қомақты қаржы. Өздеріңіз білесіздер, бізде аймақтарда баланың бір күнде 10 секцияға барғаны жөнінде есептер болған жағдайлар тіркелді. Мұндай мысалдар бар. Бұлардың бәрі — жасанды есептер. Қазір біз осы салада тәртіп орнатып жатқандықтан, осындай үнем пайда болып отыр», – деді Олжас Бектенов.