Мәжілісте жасанды интеллект туралы заң қабылданды

Мәжілісте жасанды интеллект туралы заң қабылданды

Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Бұл – еліміз тарихындағы алғаш рет «жасанды интеллект», «модель», «жүйе», «деректер кітапханасы», «синтетикалық нәтиже» секілді негізгі ұғымдарды заңнамалық тұрғыда бекіткен құжат.

Ұлттық жасанды интеллект платформасы

Заңның басты тармақтарының бірі – Ұлттық жасанды интеллект платформасын құру. Ол ЖИ өнімдерін әзірлеу мен пайдалануға арналған инфрақұрылымға айналып, әзірлеушілерге деректер кітапханаларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жүйенің жұмыс істеуі үшін электрондық ақпараттық ресурстарға қолжетімділік, ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыру, білім беру бағдарламалары мен халықаралық ынтымақтастық шаралары көзделген.

Қатысушылардың құқықтары мен міндеттері

Құжат ЖИ жүйелерінің иелері мен пайдаланушыларының құқықтары мен міндеттерін нақтылайды.

  • Иелеріне – өз шешімдерін пайдалану шарттарын белгілеу және тәуекелдерді басқару құқығы беріледі.
  • Пайдаланушыларға – жеке деректерді қорғау, жүйенің жұмысы туралы ақпарат алу және автоматтандырылған шешімдерге шағымдану мүмкіндігі қарастырылған.

Жасанды контентке ерекше назар аударылды: синтетикалық материалдарды белгілеу міндетті болады. Азаматтар ЖИ арқылы жасалған контентпен өзара әрекеттесіп жатқанын білуі тиіс.

Ұлттық қауіпсіздік пен авторлық құқық

Заң жобасы жабық контурда жұмыс істейтін локалды жүйелер мен ашық жүйелерді ажыратады. Қауіпсіздік талаптары жоғары салаларда (мысалы, білім беру мен мемлекеттік қызметтер) локалды шешімдер қолданылады. Ашық жүйелер үшін қатаң ақпараттық қорғау шаралары енгізіледі.

Авторлық құқық мәселелері де нақтыланды: егер өнім тек ЖИ жүйесі арқылы, адам тарапынан шығармашылық үлес қосылмай жасалса – ол заңмен қорғалмайды. Ал шығармашылық элементтері бар промпттар авторлық құқық нысаны ретінде танылуы мүмкін.

Бақылау және тыйымдар

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, заңның басты назарында – азаматтардың құқықтарын қорғау, ЖИ жүйелерін бақылау және ұлттық платформаны дамыту. Құжатта ЖИ жүйелерін тәуекел деңгейіне қарай бөлу қарастырылған.

«Адамдардың мінез-құлқына әсер ететін, эмоцияларды келісімсіз талдайтын немесе әлсіз тұстарын пайдаланатын қауіпті технологияларға тікелей тыйым салынады. Жоғары тәуекелді жүйелер ерекше бақылауда болады», — деді ол.

Жаһандық күн тәртібіне үлес

Спикердің айтуынша, заңды қабылдау инновацияларды енгізуге, азаматтардың мүдделерін қорғауға және ұлттық цифрлық экономиканы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Бұл заң жобасының дер кезінде қабылдануы Қазақстанның әлемдік күн тәртібіндегі үрдістерге сай екенін және жасанды интеллект саласында халықаралық стандарттарды қалыптастыруға белсенді қатысып отырғанын көрсетеді», — деп түйіндеді Ерлан Қошанов.

TSARKA қолдауымен