Майнинг Қазақстанның энергетикалық жүйесіне салмақ түсіруде: аудит нәтижелері мен жаңа реформалар

Майнинг Қазақстанның энергетикалық жүйесіне салмақ түсіруде: аудит нәтижелері мен жаңа реформалар

2024 жылы Қазақстанда майнинг компаниялары 13 миллиард теңгеге тең 901 миллион кВт·сағ электр энергиясын тұтынған. Бұл энергия ТОО «РФЦ» болып табылатын Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, теңгерімдеуші жеткізуші арқылы сатып алынған. Мұндай деректерді Энергетика нарығына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Алихан Смайылов мәлімдеді.

Оның айтуынша, тиімді бақылау мен мониторингтің болмауы майнерлерге елдегі энергия тапшылығына қарамастан, үлкен көлемде электр қуатын пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

«Майнерлер миллиардқа жуық кВт·сағ тұтынады — бұл экономикалық шығын. Неліктен бұған жол беріп отырсыздар және тиімді бақылау тетіктерін енгізбейсіздер?» — деді ол Энергетика министрлігінің өкілдеріне қарата.

Өз кезегінде Энергетика министрлігі майнинг саласында лицензиялау және бақылау рәсімдері енгізілгенін мәлімдеді. 2023 жылдың шілдесінен бастап 415 мың бірлік жабдық тіркеліп, 84 лицензия берілген (оның 64-і қолданыста), бес майнинг пулы аккредитацияланған (үшеуі белсенді жұмыс істейді).

Ал Цифрлық даму министрлігі майнингті энергия жүйесін жаңғырту тетіктерінің бірі ретінде қарастыруды ұсынды.

Бірінші вице-министр Қанаш Төлеушиннің айтуынша, майнерлер келесі бағыттарда пайдалы болуы мүмкін:

  • АҚШ-тағыдай, энергожүйе теңгерімін реттеуге қатысу;
  • кен орындарында ілеспе мұнай газын пайдалана отырып электр энергиясын өндіру;
  • 70/30 үлгісі бойынша жаңа қуаттарды іске қосуға жәрдемдесу: өндірілген энергияның 70%-ы жалпы желіге, 30%-ы майнингке бағытталады.

Сондай-ақ, Төлеушин соңғы үш жылда майнинг қызметінен мемлекеттік бюджетке 17,7 млрд теңге салық түскенін атап өтті.

Осылайша, майнинг саласына қатысты пікірталас жалғасуда: энергия тұтынуды бақылауды күшейту керек пе, әлде бұл секторды инфрақұрылымды жаңғырту мен орнықты даму процесіне тарту қажет пе — бұл әлі ашық сұрақ.

TSARKA қолдауымен