Малайзиялық компания Қазақстанда электромобиль өндірісін іске қосады

Малайзиялық компания Қазақстанда электромобиль өндірісін іске қосады

Малайзиялық автокөлік өндіруші Proton Holdings Berhad Қазақстанда e.MAS брендімен электромобиль шығаратын өндірісті іске қосу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі министр Ерсайын Ниғаспаевтың Proton өкілдерімен, сондай-ақ “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі, Қазақстан Даму Банкі және Өнеркәсіпті дамыту қорының қатысуымен өткен кездесуден кейін хабарлады.

Кездесу барысында өндірісті жергіліктендіру, инвестициялық ынтымақтастық, жобаның технологиялық базасы және өнімнің ЕАЭО-ның экологиялық және техникалық талаптарына сәйкестігі мәселелері талқыланды. Proton e.MAS электромобилінің концептін таныстырып, өндірісті Қазақстан аумағында орналастыруға қызығушылық білдірді.

Тараптар өндірісті жергіліктендіру мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске қосуға арналған Жол картасын әзірлейтін бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге келді.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың өзінде Қазақстанда KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Jetour маркаларымен 134 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылған. 2025 жылы Алматы мен Қостанайда жылына 190 мың көлікке дейін өндіруге қауқарлы екі жаңа зауытты іске қосу жоспарланып отыр.

e.MAS 7 электромобилі, Proton компаниясы тарапынан 2024 жылдың соңында таныстырылған, Geely Galaxy E5 моделінің модификацияланған нұсқасы болып табылады. Айта кету керек, Geely — Proton компаниясындағы 49,9% акцияның иесі. e.MAS-тың сатылымы 2025 жылға жоспарланған, болжамды бағасы — 24,4 мың АҚШ доллары.

TSARKA қолдауымен