Маманнан бес кеңес: Ұялы телефондағы жеке мәліметтерді қалай қорғаймыз?
Цифрлы технологиялар күн санап дамыған сайын жеке деректерді қорғау соғұрлым қиындап барады. Өйткені қазіргі таңда мәліметтердің дені смартфондарда сақталатынын бәріміз жақсы білеміз. Ал телефондағы жеке деректерді қалай қорғаймыз және оның қандай жолдары бар? Бұл сұрақтарға Integra компаниялар тобының басшысы әрі «Қауіпсіз қала» жобасының авторы Александр Заболотный жауап берді.
Экрандағы құпиясөздің күрделі болуына назар салыңыз
Телефон экранындағы құпиясөздің қарапайым болуы ұрылар үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені олар бір ғана саусақтың көмегімен сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізіп, өздерінің арам ойларын жүзеге асыруы мүмкін. Сондықтан қорғанудың бірнеше жолы бар екенін қаперге алыңыз. Мәселен графикалық кілт сіз үшін ыңғайлы, бірақ бөтен адамдар үшін айтарлықтай қиындық туғызады. Ал негізінен көп адамдар телефондарына пин-код қоюға дағдыланған. Мәселен iPhone пин-код-ты Android жүйесіне енгізуді сұрайды. Бірақ сізге айтарымыз, экранға қойған кодты банк карталары немесе банктік қосымшаларға пайдаланбаңыз! Өйткені телефоныңыз қолды болған жағдайда, ұры экрандағы құпиясөзды енгізу арқылы ақшаңызды үптеп кетуі ғажап емес.
FaceId және саусақ іздері арқылы экран құлпын ашу да аса сенімді емес. Бір қарағанда қауіпсіз көрінгенмен, әккі ұрылар ұрымтал тұста оны да өз пайдаларына шешіп кетуі мүмкін.
Бағдарламалық жасақтаманы үнемі жаңартып тұру керек
Телефондағы бағдарламалық жүйені үнемі жаңартып тұру – қауіпсіздіктің алғышарттарының бірі. Сіз бұл арқылы ұялы телефоныңыздың интерфейсін, функционалдылығын жақсартып қана қоймай, түрлі вирустардан қорғай аласыз. Бұдан бөлек алаяқтардан да осы арқылы сақтануға мүмкіндік бар. Алайда телефоныңызға келген микробағдарламаны бірден жаңартуға асықпаңыз. Өйткені бұл телефон иесі үшін бірқатар қиындықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан бірнеше апта күтіп барып, тек содан кейін жаңартуды орнатыңыз.
Екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз
Бұл сіз үшін айтарлықтай қолайсыздықтар туғызуы мүмкін. Бірақ осы арқылы сіз өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете аласыз. Мәселен әлеуметтік желідегі аккаунттарыңызға кіру үшін міндетті түрде құпияөз сұрайтындай етіп қалдыру керек. Өйткені құрылғыңыз ұрланған жағдайда сіздің аккаунтты бұзу ұрылар үшін қиын болады.
Құпиясөз күрделі болуы қажет
Бұл - ең алдымен жеке басыңызды растайтын құжаттар мен құпия деректерге қатысты. Мысалы Kaspi, egov. қосымшаларында тұрған құпиясөз тым қарапайым болмауы тиіс. Сондай-ақ ол кілт сөздер экран бетіндегі құпия сөзбен бірдей болмағаны абзал. Сондай-ақ туған күн датасын енгізбеуге барынша тырысыңыз. Сонда ғана ұрылар сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізе алмайды.
Егер ондай құпия сөзді табу қиындық туғызса, (мәселен сізде iPhone болса) Yandex немесе Safari браузерлерінің көмегі арқылы құпия сөзді табуға болады. Ал ондағылар күрделі әрі болжау мүмкін емес құпия сөзді ұсына алады.
Мобильдік қосымшаларды тек сенімді дереккөздерден орнатыңыз
Мұндай жағдайда сізге Google Play немесе App Store көмекке келеді. Алайда сіздің іздеген затыңыз ол қосымшалардан табылмаған жағдайда басқа да қосымшалар арқылы немесе веб-сайттардан іздеуіңіз мүмкін. Десе де ең әуелі сайттың атауына және ондағы дүниелерге назар аударыңыз. Егер сайт түрлі жарнамалық баннерлермен жабдықталған болса, бірден күмән келтіріңіз. Себебі Google Play немесе App Store ондай сайттардың тауарларын өз дүкендерінде жарнамаламайды. Сондай-ақ онлай ойындарды жүктейтін кезде де аса сақ болыңыз. Егер ондағылар сіздің контактілерге қол жеткізуді сұраса, бірден бас тартыңыз.
«Ұялы телефондарды түрлі алаяқ, ұрылардан қорғау әрбір азаматтың тікелей міндеті. Иә, бұл тұрғыда мемлекетіміз аз шаруа атқарып жатқан жоқ. Бірақ технология қарыштап дамып жатқан заманда оның алдын алу толықтай мүмкін емес болып тұр. Өйткені құрылғыны бұзу арқылы адамдардың жеке деректерін алу фактілері қазіргі таңда жиі кездеседі. Сондықтан өз қауіпсіздігіңізді сақтанудың біз ұсынып отырған осы бес тәсілін үнемі естен шығармаңыз. Бұл тек жеке адамдар ғана үшін емес, мемлекет үшін де пайдалы. Жоғарыда айтылған дүниелерге қосымша ретінде тағы бірнеше кеңес айта кетейін. Сіз үнемі телефоныңыздағы қолданбаларды бақылауда ұстаңыз және қадағалап отырыңыз. Мәселен олардың көпшілігі бәріне дерлік қол жеткізуді сұрайды. Мысалы валюталық калькуляторды орнатқан кезде ол камера мен микрофонға қол жеткізуді сұрауы мүмкін. Бірақ сіз бұл рұқсаттарды шектеңіз. Сонда ғана деректеріңіз қауіпсіз болады. Сіз өзіңіздің әртүрлі ресурстарыңыз үшін түрлі құпиясөз жүйесін жасақтап алыңыз. Ол тіпті музыкамен немесе сіз ұмытып қалмайтындай дүниемен байланысы болуы мүмкін. Сондай-ақ жеке деректердің сақтық көшірмесін жасау туралы да ұмытпаңыз. Телефоныңыз істен шыққан немесе жоғалған жағдайда олар сізді құтқарады», - деді «Қауіпсіз қала» жобасының авторы Александр Заболотный.