Meta қазақстандық Factcheck.kz жобасын вирустық дезинформацияны анықтау бағдарламасына қосты

Meta қазақстандық Factcheck.kz жобасын вирустық дезинформацияны анықтау бағдарламасына қосты

Meta корпорациясы қазақстандық Factcheck.kz жобасын Facebook, Instagram және Threads платформаларындағы вирустық дезинформацияны анықтау және фактілерді үшінші тарап арқылы тексеру бағдарламасына қосты.

Үшінші тарап арқылы фактілерді тексеру бағдарламасы 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бағдарламаға қазірдің өзінде қатаң сертификаттаудан өткен 100-ден астам тәуелсіз ұйым қосылып, олар әлемнің 60-тан астам тілінде жұмыс істейді. Бағдарламаға қатысатын фактчекерлер жалған контентті анықтап, оны жалған, жартылай жалған немесе өзгертілген деп бағалайды.

Meta дезинформацияға қарсы күресте әлемдегі тәуелсіз фактчекерлермен серіктестік орнатып, контенттің дұрыстығын тексереді және бағалайды. Егер фактчекер контентті жалған деп бағаласа, Meta оны жаңалықтар таспасындағы көрсетілімін төмендетеді. Бұл дезинформацияның таралуын болдырмауға және оны көретін адамдардың санын азайтуға көмектеседі. Жалған контентті қайталап тарататын беттер, топтар мен аккаунттардың қамтуы азаюы мүмкін, сондай-ақ олардың монетизация және жарнама мүмкіндіктері шектелуі мүмкін. Егер пост жалған деп белгіленсе, Meta бұл туралы постты көретін немесе бөліскісі келетін адамдарды хабардар етеді.

Маңыздысы: фактчекерлер Meta платформаларынан контентті немесе аккаунттарды жою немесе бұғаттауға жауапты емес. Фактчекерлер Facebook, Instagram және Threads платформаларындағы вирустық дезинформацияны тексеру және бағалау жұмыстарымен айналысады. Контентті тексеру және Meta ережелерін сақтау процесі тәуелсіз фактілерді тексеру бағдарламасынан бөлек жүргізіледі.

Meta стратегиялық серіктестік дамыту менеджері Николь Хан Factcheck.kz пен Meta серіктестігін былай деп түсіндірді:

«Meta платформаларындағы дезинформацияны шектеу жұмыстары жалғасуда, және біз Factcheck.kz жобасының Қазақстандағы Meta үшінші тарап арқылы фактілерді тексеру бағдарламасына қосылғанына қуаныштымыз. Factcheck.kz-тің жұмысы Meta платформаларында пайдаланушыларға сенімді ақпарат беруге бағытталған біздің тұрақты күш-жігерімізді қолдайды».

Factcheck.kz – 2017 жылдан бері жұмыс істейтін, Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби фактчекинг ресурсы болып табылатын, MediaNet халықаралық журналистика орталығының жобасы. 2018 жылдан бері Factcheck.kz әлемдегі жетекші фактчекерлерді біріктіретін IFCN, Халықаралық Фактчекинг Желісінің сертификатталған мүшесі болып табылады.

TSARKA қолдауымен