Meta әлемдегі ең ірі суасты интернет-кабелін салады

Meta әлемдегі ең ірі суасты интернет-кабелін салады

Meta Project Waterworth жобасын жариялады – бұл тарихтағы ең ұзын суасты интернет-кабелі болмақ, оның ұзындығы 50 000 км. Ол АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Африка, Бразилия және басқа да өңірлерді байланыстырады.

Компанияның мәлімдеуінше, бұл жоба континенттер арасында саланың жетекші байланысын қамтамасыз етеді және жасанды интеллектке арналған инфрақұрылымды қолдайды. Meta атап өткендей, кабель цифрлық инклюзияны кеңейтуге, технологияларды дамытуға және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болады.

Жоба несімен ерекше?

Project Waterworth 24 жұпты оптикалық-талшықты жүйе негізінде салынбақ, бұл оған рекордтық өткізу қабілетін қамтамасыз етеді. Суасты кабельдері әлемдік интернет-трафиктің 95%-дан астамын тасымалдайтындықтан, деректерді беруде шешуші рөл атқарады.

Интернет инфрақұрылымы үшін бәсеке

Ірі технологиялық компаниялар суасты кабельдеріне инвестиция салуды күшейтіп, ғаламдық интернеттегі орнын нығайтып келеді.

 • Google 2024 жылы Африка мен Австралия арасындағы алғашқы кабельді салу жоспарын жариялады, сондай-ақ Жапонияны басқа өңірлермен байланыстыру үшін Тынық мұхитында екі кабельге 1 миллиард доллар инвестиция салды.

 • Meta бұған дейін үш құрлықты байланыстыратын 2Africa (45 000 км) жобасына қатысқан.

Сарапшылардың пікірінше, бұған дейін мұндай жобаларды телекоммуникациялық компаниялар қаржыландырған, алайда қазір ІТ-гиганттар өз интернет инфрақұрылымын қалыптастыруға көшуде. Бұл цифрлық нарықты реттеуге және бәсекеге әсер етуі мүмкін.

Аналитиктер Meta-ның мақсаты байланыс мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, жабдық, платформалар мен сервистерден тұратын интеграцияланған экожүйе құру екенін атап өтті. Жаңа жоба компанияға жаһандық интернетті бақылау үшін бәсекеде алда болуға көмектеседі.

TSARKA қолдауымен