Мектептерде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізуді Президент тапсырды

Мектептерде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізуді Президент тапсырды

Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізуді тапсырды.

«Әлем инновациялардың қарқынды дамуы мен жасанды интеллектіні енгізу басты белгілеріне айналған жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Сондықтан бүгінгі күні „прогрессивті ұлт“ пен „технологиялық ұлт“ ұғымдары тең мағынаға ие. Біздің міндетіміз — жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясын жеделдету аса маңызды. Білім беруді әрі қарай цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу білім беру теңсіздігін еңсеруге және оқыту сапасын едәуір арттыруға шешуші үлес қоса алады».

Президент Үкімет пен әкімдіктерге бұл міндеттерді орындауға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Атап айтқанда, білім беру мекемелерін заманауи интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету және барлық оқушыларға электронды оқулықтарды қоса алғанда, оқу контенті бар цифрлық платформаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, барлық материалдар мұқият сараптамадан өтуі тиіс.

Мемлекет басшысы тағы бір басым міндет ретінде балаларды жасынан бастап ЖИ технологияларына мақсатты түрде оқытуды атады.

TSARKA қолдауымен