AI Olymp: Жасанды интеллект бойынша бірінші республикалық олимпиаданың қорытындылары

AI Olymp: Жасанды интеллект бойынша бірінші республикалық олимпиаданың қорытындылары

Astana IT University қабырғасында 9–12 сынып оқушылары арасында өткен жасанды интеллект бойынша алғашқы Республикалық олимпиаданың финалы – AI Olymp өтті. Олимпиаданың қатысушылары алдын ала кезеңнен сәтті өткен еліміздің барлық өңірлерінен іріктелген 40 үздік мектеп оқушысы болды.

Олимпиада Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясы мен DSML.KZ деректерді талдау және машиналық оқыту мамандары қауымдастығының ұйымдастыруымен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өткізілді. Бас серіктес ретінде Орталық Азиядағы ең ірі технопарк – Astana Hub қолдау көрсетті. Astana Hub жасанды интеллект саласын ілгерілету және Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де технологиялар мен инновацияларды дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда белсенді рөл атқаруда.

AI Olymp – елімізде мектеп оқушылары арасында жасанды интеллект технологияларына деген қызығушылықты дамытуға бағытталған алғашқы ірі ауқымды шара болды. Олимпиаданың өткізілуі мемлекеттік құрылымдар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы стратегиялық серіктестіктің нәтижесі болып табылады.

«AI Olymp — бұл жасанды интеллект саласында жаңа буын қазақстандық дарындарды қалыптастыру жолындағы үлкен қадам. Бүгінде біз мектеп оқушыларының ИИ-ге деген үлкен қызығушылығын көріп отырмыз. Біздің міндет — осы қызығушылықты қолдау, мүмкіндіктер беру және мұндай жастар өз әлеуетін толық ашып, елдің технологиялық трансформациясында көшбасшы бола алатындай орта құру», — деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.

Олимпиада екі күнге созылды және бес сағаттық екі жарыс турынан тұрды. Жарыстардан бөлек, қатысушылар ИИ саласының мамандарынан дәрістер тыңдап, Қазақстандағы бұл саланың даму жоспарларымен танысты.

Оқушыларды ынталандыру мақсатында қатысушылардың 50%-ы медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мұндай тәжірибе жастардың ИИ мен бағдарламалауға деген қызығушылығын қолдауға бағытталған.

Финал қорытындысы бойынша ең үздік 12 қатысушы оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Бұл жиындардан кейін 2025 жылдың тамыз айында Бейжің қаласында өтетін Жасанды интеллект бойынша Халықаралық олимпиадаға (IOAI) қатысатын Қазақстанның ұлттық құрамасы жасақталады.

«AI Olymp — бұл бір реттік шара емес, жас дарындармен жүйелі жұмыстың бастауы. Бұл — Қазақстанның цифрлық экономикасының болашақ сәулетшілері. Олар “Жасанды интеллект деген не?” деп сұрамайды. Олар оны қалай жақсартуға болатынын ойлап жүр», — деді Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин.

Жабылу рәсіміне Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев пен Федерация президенті Бағдат Мусин қатысты. Олар жас ИИ-мамандарды дайындаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық деңгейде лайықты түрде таныстырылатынына сенім білдірді.

TSARKA қолдауымен