Олжас Бектенов ауылдық жолдардағы ұялы байланыстың нашарлығын айтты
Үкімет басшысы Олжас Бектенов қала сыртындағы жолдарда ұялы байланыстың нашарлығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, үш облысты басып өтетін Қарағанды-Алматы тас жолының бойындағы 500 шақырымды құрайтын аумақта ұялы байланыс атымен жоқ.
Соның салдарынан жол апатына түскен азаматтар дер кезінде көмекке де қол жеткізе алмайды екен. Премьер-министр мәселені тез арада шешуді тапсырды.
"Жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін бақылайтын бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдар жеткіліксіз. Бір жерде олар мүлде жұмыс істемейді. Жол қауіпсіздігіндегі жағдай тұрғындар тарапынан әділ сынға ұшырауда. Тек биылғы жылдың басынан бері азаматтарымыздан жол қозғалысы саласындағы 50 мыңнан астам ресми өтініштер келіп түскен. Облыстық әкімдіктер елді мекендердегі заң бұзушылықтарды тіркейтін камералардың санын көбейтуі керек. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында аппараттық-бағдарламалық жүйелерді белсендірек пайдалану керек", - деді Олжас Бектенов.