OpenAI ChatGPT-ті қолданбалар мен агенттерге арналған платформаға айналдыруда

OpenAI компаниясы жыл сайынғы DevDay 2025 конференциясын өткізіп, ChatGPT-тің негізгі жаңартуларын және әзірлеушілерге арналған жаңа құралдарын таныстырды. Ашылу барысында компанияның бас директоры Сэм Альтман ChatGPT-тің апта сайынғы белсенді пайдаланушыларының саны 800 миллионға жеткенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде әлем бойынша 4 миллионнан астам әзірлеуші OpenAI технологияларын қолдана отырып өнімдер жасап жатыр, ал API арқылы әр минутта 6 миллиардтан астам токен өңделеді.
Альтман жаңа құралдар мен функциялар ChatGPT-ті жай ғана көмекші емес, толыққанды серіктеске айналдыратын интерактивті және жекелендірілген қосымшалардың жаңа буынына негіз болатынын атап өтті.
ChatGPT енді қосымшалармен жұмыс істейді

OpenAI Apps SDK-ны іске қосты — бұл ChatGPT ішінде толыққанды қосымшалар жасауға мүмкіндік беретін құралдар жиынтығы. Енді қолданушылар чаттан шықпай-ақ сыртқы сервистермен жұмыс істей алады, мысалы:
- Coursera бейсабақтарына сұрақ қою;
- Canva-да постерлер мен презентациялар жасау;
- Booking.com және Expedia арқылы сапарларды жоспарлау;
- Spotify-да плейлист құрастыру немесе Zillow-дан тұрғын үй іздеу.
SDK қазір сынақ режимінде қолжетімді. Кейінірек әзірлеушілер өз қосымшаларын тікелей ChatGPT-ке жариялай алады — бөлек GPT Store қажет болмайды.
AgentKit — кодсыз ЖИ-агенттер құру
Тағы бір жаңа құрал — AgentKit, ЖИ-агенттерін жасауға арналған конструктор. Ол бірнеше минутта сандық көмекшіні — мысалы, қолдау чат-ботын, дүкен ассистентін немесе компанияның ішкі кеңесшісін орнатуға мүмкіндік береді.

AgentKit визуалды сызба түрінде жұмыс істейді: әрекеттер қадам бойынша көрсетіледі, логика, тармақталу сценарийлері мен деректер қауіпсіздігі бапталады. AgentKit әзірлеушілерге қолжетімді, толық релиз алдағы айларда күтілуде.
Codex — кодқа арналған ЖИ
OpenAI сондай-ақ код жазу мен талдауға арналған жаңартылған Codex нейрожелісін таныстырды. Ол енді бета-нұсқадан шықты.

Негізгі өзгерістер:
- Codex-тің Slack-пен интеграциясы — енді ЖИ-ға сұрақтарды жұмыс арналарының ішінде қоюға болады;
- Codex SDK іске қосылды — ЖИ-агентін кез келген қосымшаға енгізуге мүмкіндік береді;
- әкімшілік пен аналитика құралдары қосылды — админдер пайдаланушылардың белсенділігін бақылап, бұлттық орталарды басқарып, қауіпсіздікті арттыра алады.
OpenAI мәліметінше, соңғы айларда Codex қолданылуы 10 еседен астам өсті, ал жаңа GPT-5 Codex нұсқасы үш аптада 40 трлн токенді өңдеді.
GPT-5 Pro және gpt-realtime-mini
Презентация финалында Сэм Альтман GPT-5 Pro моделінің API арқылы қолжетімді болғанын жариялады. Бұл модель жоғары дәлдік пен күрделі пайымдау қажет қосымшаларға арналған.
Сонымен қатар, интерактивті тікелей қарым-қатынасқа бейімделген жеңілдетілген gpt-realtime-mini нұсқасы ұсынылды. Ол болашақ құрылғыларда және дауыс ассистенттерінде қолданылмақ.
AMD-пен серіктестік
Соңында OpenAI Advanced Micro Devices (AMD) компаниясымен стратегиялық келісімге қол қойды. Келісім аясында OpenAI ұзақ мерзімді есептеу қуаттарына қол жеткізу үшін AMD акцияларының 10%-ына дейінгі үлесін (шамамен 160 млн акция) ала алады. Бұл ынтымақтастық болашақтағы GPT үлгілерін ауқымды етуге қажетті инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған.